Еуропалық комиссия америкалық технологиялық алпауыттар – Apple және Meta компанияларына жалпы көлемі 700 миллион еуро көлемінде айыппұл салды. Бұл шешім Еуроодақтың Цифрлық нарықтар туралы заңының (DMA – Digital Markets Act) талаптарының орындалмауына байланысты қабылданған.
Атап айтқанда, Apple компаниясына 500 миллион еуро айыппұл салынса, Meta Platforms (Facebook, Instagram иелері) 200 миллион еуро төлеуге міндеттелді.
Еуроодақтың Apple-ге тағар айыбы
Еурокомиссияның мәліметінше, Apple әзірлеушілерге өз өнімдерін тек App Store арқылы ғана таратуға рұқсат беріп, баламалы платформаларда қолданбаларды сатуға тыйым салған. Бұл тәсіл нарықтағы бәсекелестікке кері әсер етіп, қолданушылардың таңдау еркіндігін шектейді деп танылды.
Енді Apple алдағы 60 күн ішінде бұл шектеулерді жойып, DMA талаптарына толық сәйкес келетін жүйе енгізуі қажет. Әйтпесе, компания жылдық жаһандық табысының 20 пайызына дейін қосымша айыппұл арқалауы мүмкін.
Meta-ға тағылған сын
Meta-ға қатысты да Еурокомиссияның пікірі қатаң. Компания Facebook және Instagram платформаларында жарнамасыз нұсқаны ұсынғанымен, оған қол жеткізу үшін қолданушылардан қосымша ақы талап еткен. Еуроодақ бұл тәсілді қолданушы таңдауы мен құқығын шектеу деп бағалап отыр.
DMA нормаларына сай, ірі цифрлық платформалар қолданушыларға жеке деректерін бақылауға мүмкіндік беріп, жарнамалық қызметтерге қатысудан ақысыз бас тарту тетігін қамтамасыз етуі керек.
Екі компания да айыппен келіспейді
Apple мен Meta өздеріне тағылған айыптаулармен келіспейтінін мәлімдеп, Еурокомиссияны америкалық бизнеске қысым көрсетіп отыр деп айыптады. Компаниялар бұл шешімді сотта даулауға ниетті.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай Еуроодақтың технологиялық нарықта әділ бәсекелестікті орнатуға бағытталған қатаң жаңа ережелерінің алғашқы нақты сынағы болмақ. DMA заңын бұзған алғашқы ірі жағдай ретінде тарихта қалуы мүмкін.
Еурокомиссия цифрлық нарықтағы үстем ойыншыларға қатысты бақылауды күшейтіп отыр. Бұдан былай «қақпа сақшысы» (gatekeeper) ретінде танылған ірі компаниялар ашықтықты қамтамасыз етіп, бәсекелестікке кедергі келтірмеуі тиіс.
Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, технологиялық компаниялар өз бизнес-үлгілерін Еуропа заңнамасына бейімдеуге мәжбүр болады. Ал бұл тұтынушылар үшін таңдау еркіндігі мен дербес деректерді қорғау саласында үлкен жеңіс болуы ықтимал.