Шымкент қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу және қоғамда зорлық-зомбылықсыз өмір салтын қалыптастыру мәселелерін талқылауға арналған «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты кездесу ұйымдастырылды. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бастамасымен өткен бұл іс-шараға еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері, психологтар және қалалық полиция департаментінің өкілдері, сондай-ақ 200-ден аса тұрғын қатысты.
Іс-шара қатысушылардың Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасына экскурсия жасаумен басталды. Жастардың жиі жиналатын орындарының бірі ретінде танылған кітапханада өткізілген бұл жиынның мақсаты зорлық-зомбылықсыз мәдениет пен қоғам құрудың маңыздылығын насихаттау болды. Жиын барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың теріс салдары, оны азайту мен алдын алу жолдары туралы кеңінен пікір алмастырылды. Белгілі тележүргізуші әрі қоғам қайраткері Ләйлә Сұлтанқызы жастармен ашық әңгіме құрып, зорлық-зомбылықсыз өмір салтын қалыптастыруда әр адамның рөлі ерекше екенін атап өтті.
– Әрбір қыз сұлулықты қалайды, бірақ шынайы сұлулық – білімде, әдепте және дұрыс қалыптасқан тұлғада. Нәзіктік пен қарапайымдылық әрқашан бағаланады. Отбасындағы зорлық-зомбылық қалыпты нәрсе емес, ол әйелдердің болашағына үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан екі тарап та түсіністікпен қарап, мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысуы қажет, – деп Ләйлә Сұлтанқызы өз ойын білдірді.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту мақсатында қабылданған заңның күшіне енгеніне 4 айдан асты. Жаңа заңнама бойынша, отбасындағы зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты жаза күшейтілді, бұл мәселе қоғамда кеңінен талқылануда. Қабылданған шаралар аясында елде бірқатар жобалар іске қосылды.
«Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығының басшысы Сабира Байзақованың айтуынша, соңғы уақытта Оңтүстік өңірлерінде осындай 20-дан астам кездесу ұйымдастырылды. Орталықта келген азаматтарға психологтардың көмегін тегін алу мүмкіндігі қарастырылған. Сабира Байзақова кейбір қыз-келіншектердің алғашқы сеанстардан кейін оң өзгерістер байқалатынын, ал кейбір жағдайларда толық оңалуға жарты жыл уақыт талап етілетінін атап өтті. Бұл шаралар елімізде зорлық-зомбылықсыз мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.