Еңбекші ауданында тұрғындар үшін жайлы әрі заманауи ортаны қалыптастыру бағытында абаттандыру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Қала тұрғындарының ұсыныстары негізге алынып, маңызды жобалар жүзеге асырылып келеді. Аудандағы абаттандыру жұмыстары 2021 жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл жоба арқылы тұрғындар өз ұсыныстарын білдіріп, жергілікті бюджет қаражатын тиімді пайдалануға атсалысып отыр. 2023 жылы осы жоба аясында 27 балалар ойын алаңшасы орнатылып, тұрғындарға пайдалануға берілді. Ал 2024 жылға жоспарланған жұмыстар ауқымы одан да кең: 47 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру; Жеке сектордағы 17 мекенжайға балалар ойын алаңшаларын орнату. Қазіргі уақытта бұл жұмыстардың 11-і аяқталып, пайдалануға берілді, қалған аумақтарда жұмыс жалғасуда. Алдағы жоспарға сәйкес, 2025 жылы тағы 36 аула абаттандырылып, жаңа келбетке ие болады. Аудан тұрғындарының денсаулығы мен белсенді өмір салтын қолдау мақсатында спорт алаңшаларын көбейту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қазіргі таңда ауданда 56 ашық спорт алаңы бар. 2023 жылы қосымша 7 спорт алаңы орнатылып, тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту шеңберінде 8 жаңа спорт алаңының құрылысы қолға алынды. Бүгінгі күні олардың 3-еуі толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 5 алаңда құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жалғасуда. Абаттандыру аясында аудан әкімдігі тұрғындардың эстетикалық және демалыс қажеттіліктерін ескеріп, 2024 жылы 5 жаңа гүлзар салуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта мердігер мекемелермен келісімдер жасалып, жұмыс қарқыны үдеген. Сонымен бірге, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, «BI Group» ЖШС демеушілігімен Жібек жолы көшесінің бойында заманауи қоғамдық кеңістік құрылды. Бұл орын қала тұрғындары мен қонақтарының демалысы үшін арнайы жасақталған. Аудан аумағындағы абаттандыру жұмыстары тұрғындардың жайлы өмір сүруі мен қаланың экологиялық, әлеуметтік дамуына бағытталған нақты қадамдарды көрсетеді. Әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру арқылы Еңбекші ауданы шынайы жайлылық пен заманауилықтың үлгісіне айналуда.
Келесі пост