Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, тұрғындар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Биыл қаланы жасыл желекке айналдыру мақсатында тұрғындар өтініші аясында жұмыстар қарқынды қолға алынған. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков елдімекендерді арнайы аралап, тұрғындармен кездесу жүргізуде.
Елді мекендерді арнайы аралаған шаhар басшысы, тұрғындармен арнайы кездесіп, талап-тілектерін тыңдады. Тұрғындар өтініші аясында,
Шұғыла шағынауданындағы Жаңақоныс көшесіндегі 0,80 га бос жатқан жерге биыл гүлзар салынады. Жобаға сәйкес 4 мың шаршы метрге газон төселіп, ашық спорт алаңшасы орнатылады. Сондай-ақ озық үлгіде жарықтандырылатын демалыс алаңында жаттығу элементтері, орындықтар, шағын сәулет нысандары қарастырылған.
Қала басшысы Елшібек батыр көшесіне барып, жергілікті тұрғындармен бірге 3210 шаршы метр жер теліміне салынатын гүлзар жобасын талқылады. Былтыр мұнда газон төселген. Демалыс орнына жаттығу алаңшасы, веложол, ауыз су бұрқақтары, фотоаймақ, әткеншектер мен орындықтар орнатылады.
Қала әкімі аудан басшыларына гүлзарларды биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салып, мерзімінде пайдалануға беруді міндеттеді.
Аралау кезінде қала әкімі Қайтпас-1 шағынауданындағы автодром нысанына да барды. Осыған дейін мұнда жасыл желек отырғызылып, автодром ұйымдастыру үшін жарыс жолы салынған. Жобаны талқылау барысында Ғабит Әбдімәжитұлы жер учаскесін жалға алған кәсіпкермен кездесіп, халыққа жайлы орта қалыптастыру мақсатында абаттандыру жоспарын пысықтады. Картинг жасау және атқа мініп серуендейтін арнайы жол салып, аумақты заманауи талапқа сай демалыс орнына айналдыру бойынша тапсырма берді.
Айта кету керек, Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есептік кездесуінде жергілікті халық аталған көше қиылысындағы бұрынғы гүлзарды қайта қалпына кетіру мәселесін көтерген болатын. Қала басшысы жағдаймен арнайы танысып, тұрғындар мен кәсіпкерлердің талабын тыңдап, мәселені заң шеңберінде шешуге уәде берген болатын. Нәтижесінде Түркістан көшесі мен А. Байтұрсынов көшелерінің қиылысында «Спутник» гүлзары қала тұрғындарының игілігіне берілді.