2024 жылдың басынан бері Шымкентте 8 511 отбасының 44 342 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 29,7 пайызға азайып отыр. 2023 жылдың осы кезеңінде 12 108 отбасының 61 605 мүшесі атаулы әлеуметтік көмек алса, биыл бұл сан айтарлықтай төмендеген. Бұл оң динамика қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді.
1-6 жас аралығындағы балаларға арналған 1,5 АЕК (5 538 теңге) көлеміндегі жәрдемақы да азайған. Биыл бұл төлемді 7 608 отбасының 14 907 баласы алса, өткен жылы 12 927 отбасының 24 521 баласы қамтылған болатын, бұл көрсеткіш 28 пайызға қысқарғанын білдіреді.
2024 жылдың III тоқсанында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 36 637 теңгені құрады. Әлеуметтік көмек көлемі әр отбасының жан басына шаққандағы кірісі мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық негізінде есептеледі, осылайша нақты қажеттілікке сәйкес бөлінеді.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде 12 482 адам еңбекке жарамды азаматтар санатына жатады. Олардың 7 369-ы өтініш берген кезде жұмыс істеп жүрген болса, қалғандары жұмыспен қамту шараларына белсенді тартылып жатыр. Атап айтқанда, 436 азамат нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқан. Оның ішінде 265 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 48 адам қоғамдық жұмыстарға, 15 жас азамат жастар практикасына, 17 адам әлеуметтік жұмыс орындарына тартылды. Бұған қоса, 46 адамға өздерінің кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыру үшін қолдау көрсетілді.
Бұл оң көрсеткіштер жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін растап, қалада атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азайып келе жатқанын дәлелдейді. Шымкентте еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтуға белсенді түрде тарту және әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарға нақты көмек көрсету арқылы олардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.