Шымкент қаласының ең ірі аудандарының бірі — Қаратау ауданы, аумағы 19 500 гектарды қамтып, халық саны 220 мыңға жуықтады. Аудан аумағында 18 елді мекен, 595 көше және 12 демалыс орны тұрғындардың игілігіне қызмет етеді. Бүгінгі брифинг барысында Қаратау ауданының әкімі Мүлкеманов Рахымберді Жанысбекұлы аудан әкімдігі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, өзіне жүктелген 24 функцияны тиімді орындап отырғанын атап өтті.
Қаратау ауданында ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі бүгінде 98%-ға жетіп отыр. Дегенмен, Сайрам, Қызылсу тұрғын алаптары және Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумақтарында әлі де сумен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру қажеттілігі бар. 2023 жылы осы елді мекендерде ауыз су желілерін жүргізу басталып, жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ауыз сумен қамту көрсеткіші 100%-ға жетеді деп күтілуде. Аудан бойынша электр жарығымен қамту деңгейі 98%-ды құрайды. Қазіргі уақытта Бозарық саяжайы мен Сайрам тұрғын алабының жаңақұрылыс аймақтарын электр желілерімен қамтамасыз ету мақсатында құрылыстар қарқынды жүргізілуде. Қажетті жобалар аяқталған соң, аудан бойынша электрмен қамту деңгейі 100%-ға жетіп, барлық тұрғындар тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабы мен Қайтпас шағынауданының жаңақұрылыс аймақтарында да электр желілерін тарту жұмыстары атқарылуда.
Қаратау ауданында табиғи газбен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Қазіргі таңда аудан бойынша газбен қамту көрсеткіші 96%-ды құрайды. Алайда, Тассай, Бозарық, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық, Мәртөбе және Мирас сияқты елді мекендердің жаңақұрылыс аумақтары газ желілерімен толық қамтамасыз етілмеген. Осыған байланысты, Тассай және Бозарық тұрғын алаптарында газ құбырларын тарту жұмыстары 2024 жылдың IV тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда, нәтижесінде аудан бойынша газбен қамту деңгейі 98%-ға көтеріледі. Қалған елді мекендердегі жаңа құрылыстарды газбен қамтамасыз ету 2025 жылға дейінгі жоспарға енгізілген.
Бұл жұмыстардың барлығы аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық мәселелерді кешенді шешуге бағытталған. Аудан әкімдігі тұрғындардың қажеттіліктерін ескеріп, сапалы қызметтер мен инфрақұрылымдық шешімдерді ұсынуды жалғастырады.