2024 жылдың басынан бері Шымкент қаласында 283 отбасыдан 542 адамға «қандас» мәртебесі берілді. Сондай-ақ, 34 отбасыдан 44 адамның мәртебесі жарты жылға ұзартылды. Бұл туралы қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәлімдеді.
Қандастардың ішінде 259-ы ер азаматтар, 283-і әйелдер, ал 18 жасқа дейінгі жастар саны – 168 адам. Зейнет жасындағы қандастар саны – 63. Жалпы еңбекке жарамды 311 қандас бар. Білім деңгейі бойынша 61 адамның жоғары білімі болса, 145 қандаста арнайы орта білім, 97 қандаста жалпы орта білім бар, ал 8 адамның білімі жоқ. Атажұртқа оралған қандастардың басым бөлігі Өзбекстаннан келген – 441 адам. Сондай-ақ, Қырғызстаннан 1 адам, Ресейден 6 адам, ал Түркіменстаннан 2 адам қоныс аударған.
Бүгінде оралған қандастардың көбі құрылыс, сауда-саттық және басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысып жатыр. Сонымен қатар, Шымкент қаласында қандастарды қоғамға бейімдеу мақсатында арнайы орталық жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бұл орталықтан 18 отбасыдан 46 адам қызмет алып отыр.
Шымкент қаласының еңбек мобильділігі орталығының қызметіне жыл басынан бері 96 қандас жүгініп, олардың 48-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан. 14 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылса, 3 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, 3 адам «Қоғамдық жұмысқа», 9 қандас «Алғашқы жұмыс орындары» бағдарламасына, ал 1 адам «Күміс жас» жобасына жолдама алған.
Қандастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін 18 қандас «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлікті дамыту курстарына қатысып, білімін жетілдірді.
Бұл шаралар қандастардың жаңа ортаға сәтті бейімделіп, еңбек нарығына интеграциялануына оң ықпал етіп келеді.