Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында осы бағыттар бойынша нақты міндеттерді белгіледі. Атап айтқанда, 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу, үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан проблемалық үйлердің барлығының құрылысын аяқтау, 40 мыңға жуық апатты және тозығы жеткен тұрғын үй иелерін жаңа баспанамен қамтамасыз ету, жаппай тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарда инженерлік коммуникациялар жүргізу жұмыстарын жандандыру тақырыптарына тоқталған болатын.
Тұрғын үй қорының тозуы мен апаттылық деңгейі әлемнің көптеген елдерінде өзекті мәселе болып отыр. Әр ел өз жағдайына сай тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін түрлі тәсілдер мен бағдарламалар қабылдап келеді. Қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан үшін де бұл мәселе маңызды және ерекше назар аударуды қажет етеді. Тұрғын үй қорын жаңғырту және тозған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыру – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Шымкент қаласында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 11 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта Ж.Тәшенов көшесі №77 үйдің шатырын ауыстыру, кіреберісін, жылу, кәріз және су жүйелерін жаңарту жұмыстары қарқынды түрде орындалуда. Сонымен қатар, Ғ.Иляев көшесіндегі №22, А.Әлімбетов көшесі №197 және А.Байтұрсынов көшесіндегі №94 көпқабатты үйлердің де шатырларын ауыстыру және электр жүйелерін жаңарту жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, қаладағы Орынбай ақын көшесі №95/А, Спорт ш/а №12, Ә. Жангелдин көшесі №12/Б, Т.Айбергенов көшесі №1/Б, Күншығыс шағын ауданы №112, Теріскей ш/а №67 және Адырбеков көшесі №165 үйлерінде де модернизация жұмыстары жүргізілуде. Бұл үйлердің шатырлары, кіреберістері және кәріз жүйелері толығымен жаңартылатын болады.
Сонымен қатар, модернизациялау жұмыстары тұрғындардың 70 пайызының келісімімен және олардың өтінішіне сәйкес, қайтарымды қаражат негізінде жүзеге асырылады. Тұрғындар «Тұрғын Үй Шымкент» ЖШС-не күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жазбаша өтінім бере алады.