Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Әділханов Бексұлтан тузим саласына ерекше мән беріліп, бірқатар жұмыс орындарының ашылғанын мәлімдеді. Басқарма басшысы бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында берген баспасөз конференциясында айтты.
Бүгінгі таңда қала аумағында республикалық маңызы бар — 7 тарихи-мәдени нысандар орналасқан. Олар Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбдел Әзіз баба, Қожа салық, Мірәлі баба, Қызыр мұнарасы, Сайрам қалашығы. Соның ішінде туристерді ең көп қызықтыратын нысандар «Ибрагим ата», «Қарашаш ана» кесенелері, «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағы, «Shymqala» тарихи-мәдени кешені, Бәйдібек би ескерткіші, Зообақ, Сейітжан Қари мешіті, Қошқар ата өзені. Бұдан бөлек, Қазақстандағы алғашқы Дендрологиялық саябақ.
Сондай-ақ, «Хызыр», «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» кесенелерін жылдың соңына дейін, жеке инвесторлардың есебінен абаттандыру жоспарланған.
Жыл басынан бері 8 туристік инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарлануда. Атап айтқанда «Makhambet», «Kazakh Hotel», «Алтай», «Керемет», «Zeinnur-Tau», Dara Garden Hotel, Mardan, «Diamond Hotel».
Сонымен қатар, маусым айында Шымкентте бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталды. Әлемге әйгілі «Hilton» қонақ үйі «Шымкент Сити» шағынауданында бой көтеріп, 2026 жылы ашу жоспарлануда. Жалпы қонақ үйде 167 бөлме, 1-ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц – залдар бар. Құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.
Айта кетейік, 2023 жылдың қорытындысымен жалпы қалаға келген туристер саны — 449 098-ге жетті. Статистика департаментінің ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері 3 айында қалаға — 111 733 турист келген.