Бүгінде жыл басынан берін соңғы 4 айындағы статистикалық мәліметке сүйенсек, тұрғындар арасында 174 жағдай жіті ішек инфекциясы (әрі қарай – ЖІИ) тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 3,9%-ға өскен.
Оңтүстік өңірінде жеміс-жидектердің ерте пісуіне байланысты және өңірлерде су тасқыны салдарынан ашық су көздері (өзен, көл және т.б.) ластануына орай өткір ішек жұқпалы аурулары, тырысқақ, паразитарлы аурулардың өршу қаупі туындауынан эпидемиологиялық ахуал тұрақсыздануы мүмкін.
Бүгінде қаламызда күнделікті тұрғындар арасында жіті ішек инфекциясы, паразитарлы аурулардың тіркелуі жалғасуда. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар да бар. Бүгінде 130 жағдай тіркелген.
Жіті ішек инфекциясы (ЖІИ) – ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобына жатады. Қоздырғыштар сыртқы ортаға өте төзімді және ұзақ уақыт топырақта, суда, сондай-ақ қасық, тәрелке, есіктің тұтқасы, ойыншық және т.б. заттарда сақталуы мүмкін. Микробтар суда, сүтте, сүт өнімдерінде, салаттарда және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде көбейеді. Қоздырғыштар адам ағзасына лас қол, лас су және микроб түскен азық-түлік, жуылмаған немесе таза жуылмаған жеміс-жидектер, науқас пайдаланған заттар арқылы (ыдыс, киім-кешек, төсек-орын, жеке басының құралдары) жиі жұғады.
Құрамында қоздырғышы бар қайнатылмаған суды, сақталуы бұзылған дайын тағамдарды пайдалану арқылы жұғады. Мәселен сүт және сүт тағамдары, салаттар, ет өнімдерінен дайындалған тағамдардан, паштет, тоңба (холодец) жаппай тұтынған жағдайда ЖІИ орын алуы мүмкін. ЖІИ ауырған науқасты күту кезінде және ластанған сумен қол жуғанда, жеке басының тазалығын сақтамағанда қоздырғыштың жұғу қауіпі жоғары.
Ауру асқынып, құсқанда және іш өткенде адам сұйықтықты жоғалтады, соның нәтижесінде ағзадағы су алмасу процесі бұзылып, жүректің, тамырлардың, бүйректің және басқа ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Әсіресе, ағзаның сусыздануы балалар мен қарияларға өте ауыр өтіп, асқыну жағдайы көбірек орын алуы мүмкін.