Президент 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Осы орайда, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында жуырда мемлекет басшысы қол қойған «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Заңына енген өзгерістермен толықтырулар талқыланды.
Басқарма басшысы Жанат Өтебаеваның жетекшілігімен өткен жиында Адам құқықтары жөнінде уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әбдезов, «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиалының төрайымы Баян Жандосова, балалар құқықтары жөніндегі Шымкент қаласы бойынша өңірлік уәкілі Жанетта Жазықбаева, қаладағы 5 аудан әкімінің орынбасарлары, әлеуметтік салада қызмет көрсетіп келе жатқан қоғамдық бірлестік жетекшілері, қаладағы аналар мен әкелер кеңесінің жетекшілері және басқармаға бағынысты орталықтың басшылары қатысты.
Адам құқықтары бойынша уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Н.Әбдезовтың айтуынша, Мемлекет басшысы 2024 жылдың 15 сәуірінде екі заңға қол қойды. Оның біріншісі – ҚР кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екіншісі – ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Шымкент қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандарына қызмет көрсететін «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» бар. Орталық 70 орынмен қамтылып, оның ішінде 50 орын – тұрмыстық зорлық-зомбылық, 20 орын – адам саудасының құрбандарына арналған. Мекеме 8 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетіп отыр. Жыл басынан бері орталық қызметіне 225 тұлға жүгінген.
Ал, «Бақытты жанұя» орталығы отбасыларда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолында қызмет көрсетеді. Мекеме отбасыларды қолдау үшін психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер түріндегі кешенді бағдарламаларды жүзеге асыру бағыты жүзеге асырылып отыр. Жыл басынан бері орталықтан 3901 аз қамтылған және көпбалалы, өзге де түрлі санаттарға кіретін азамат қызмет алды.