Елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде оңтүстіктен Солтүстік Қазақстанға ерікті түрде қоныс аудару саясаты жүзеге асырылуда.
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Есіл және Ғ.Мүсірепов аудандарының Мансап орталықтарынан келген делегаттар Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесіп, Солтүстік өңірге ерікті түрде қоныс аудару бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында делегаттар әр ауданның табиғи-географиялық орналасуы, ауылшаруашылық әлеуеті, экономикалық дамуы мен демографиялық өсімі жайында баяндады.
Делегаттардың айтуынша, көшіп барған азаматқа «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» бекітілген. Яғни, қоныс аударушы мемлекет тарапынан берілген үйді қабылдаудан бас тартса, осы сертификатты қолдана алады. Сертификаттың құны 4 282 720 (1 160 АЕК) теңгені құрайды. Бұл ипотекалық баспананы сатып алу кезінде алғашқы жарнаның бір бөлігін жабуға арналған материалды көмек.
Одан бөлек, қалалық жерге қоныс аударушының баспана сатып алғанға дейінгі жалдамалы пәтердің құны мемлекеттен өтеледі. Бір адам үшін 20 АЕК, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса – 25 АЕК, ал бесеуден жоғары – 30 АЕК мөлшерінде төленеді. Ауылдық жерде отбасы мүшелерінің санына қарай 15-21 АЕК аралығында қаржы қаралған.
Айта кетсек, еліміздегі Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай және Ақмола облыстары ерікті түрде қоныс аударушыларды қабылдаушы өңір ретінде бекітілген.
Қоныс аударуға қатысты ақпаратты тұрғылықты мекен жай бойынша әр ауданның мансаптық орталықтарынан алуға болады.
Еңбекші мен Қаратау ауданы бойынша мансаптық орталығы – Бәйтереков №89;
Абай ауданы бойынша мансаптық орталығы – Арғынбеков 243/3;
Әл-Фараби ауданы бойынша мансаптық орталығы – А.Байтурсынов, 201 үй
Тұран ауданы бойынша мансаптық орталығы – Қазыбек би көшесі 50 үй