«Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде ЖОО оқу орнын аяқтаған жастарды жұмыспен қамту аясында түрлі бағдарламалар іске қосылған. Сондай бағдарламалардың бірі — Жастар практикасы. Бағдарлама — мемлекеттік бағдарламасы колледж және ЖОО түлектері үшін алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс өтілін алу, яғни тәжірибе жинау мақсатында қолға алынған. Шымкент қаласында 2023 жылы 2 568 жас осы бағдарламаның аясында жұмысқа жолданған.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 5 аудан аумағындағы мансаптық орталығының мамандары шалғай орналасқан елді мекендер мен оқу орындарын аралап, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысқа орналасу жөнінде ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Тұран ауданында 2024 жылы «Жастар практикасымен» – 711 адам, «Алғашқы жұмыс орнына» – 206 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Айта кетсек, «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Айлық жалақысы 30 АЕК мөлшерінде мемлекеттен субсидияланады. Жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болса, жастар практикасына қатысушының келісімімен оны тұрақты жұмысқа ала алады.
Бұл бағдарламаға қатысу үшін үміткер 35 жастан аспауы керек. Жұмыссыз ретінде тіркелуі, техникалық және кәсіптік, жоғары немесе ЖОО кейінгі бағдарламалар бойынша оқу бітіргеніне 5 жылға толмауы және меңгерген мамандық бойынша жұмыс тәжірибесінің болмауы тиіс.