Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуы бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін 4,5%-тен асырмау қажеттігін ескертті. Президент тапсырмасына сәйкес Шымкентте жұмыссыздықты төмендету мақсатында азаматтарды еңбекпен қамту шаралары қарқынды жүргізілуде. Қазір еңбек нарығында техникалық және кәсіптік сала мамандарына атап айтқанда, дәнекерлеуші, электрик, құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппаратық құралдарының операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлерге сұраныс өте көп.
Шымкент қаласында биыл кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысы бойынша 1 110 жұмыссыз азаматқа қайта оқыту курсына жолдама беріледі. Былтырғы жылы «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 2 431 азамат түрлі мамандық бойынша оқу ұйымдарына мерзімді кәсіптік оқуға жолданған болатын.
Кәсіптік оқыту мерзімі – 3 ай. Ай сайын шәкіртақы беріледі. Оқу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде 10 жұмыс күні ішінде мәлімдеген жұмыс орнына кем дегенде 6 ай мерзімге жұмысқа орналастыруға міндетті.
Қысқа мерзімді оқу курсын аяқтап, тұрақты жұмысқа орналасқан тұрғын көп. Солардың бірі бес баланың анасы Қарлығаш Узенбаева. Ол жұмыс берушілердің сұранысына сай «пішуші-тігінші» мамандығы бойынша курсты тәмамдап, бүгінде 300 адам жұмыс істейтін үлкен фабрикада пішуші болып жұмыс жасайды.
Абай ауданының Мансап орталығына бастапқыда жұмыссыз ретінде тіркелген Қарлығаш, сала мамандары кеңесінен 3 айда жаңа кәсіп үйренуге мүмкіндік бар екенін біліп, қысқа мерзімді оқу курсында білім алған. Осылайша 2023 жылдың қыркүйегінде оқуды бастап, қарашаның соңында жаңа мамандық үйреніп, сертификат алған. Қазіргі таңда «КazPlast» тігін цехында кесуші болып жұмыс жасайды.
Еске сала кетейік, биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқу сәуір айына жоспарланған.