Өткен аптада Шымкент қаласының тергеу органдары 97 қылмыстық істі тіркеді, оның ішінде 5 іс сотқа жолданды. Талдау нәтижелері қылмыстардың негізгі түрлеріне алаяқтық, ұрлық, есірткінің заңсыз айналымы және жол-көлік оқиғалары кіретінін көрсетті.
Алаяқтық қылмыстарының едәуір бөлігі интернет алаяқтықпен байланысты. Ең жиі кездесетін тәсілдер:
- Әлеуметтік желілер мен жарнама сайттары арқылы жалған тауар сату;
- Қаржы инвестициясы немесе «жылдам пайда» уәдесі;
- Банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі болып жалған қоңырау шалу;
- Азаматтың атына заңсыз несие рәсімдеу.
Мысалы, «Н» есімді азаматша мемлекеттен пәтер алып беремін деп танысына 4 миллион теңгеден астам қаражатты алаяқтық жолмен иемденген. Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция тұрғындарға пәтер немесе кез келген мемлекеттік қызметті тек ресми мекемелер арқылы рәсімдеуді, бейтаныс адамдарға алдын ала ақша бермеуді ескертеді.
Соңғы уақытта интернет-дүкендер арқылы есірткі сату және жарнамалау деректері жиілеп отыр. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдер бұл заңсыз әрекеттердің нысанасына айналуда. Статистикаға сәйкес, ұсталғандардың басым бөлігі 18-30 жас аралығында, олардың ішінде тұрақты жұмысы жоқ ересектер де бар. Бұл жағдай жастардың бос уақытын пайдалы әрі қауіпсіз өткізуіне мүмкіндік беретін спорт, білім және кәсіпкерлік жобаларына қатысу қажеттігін көрсетеді.
Заңнамаға сәйкес, есірткі заттарын сақтау, сату немесе насихаттау – қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Азаматтар мұндай әрекеттерге қатысқан жағдайда ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
Апта ішінде бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Негізгі себептері – жылдамдықты шамадан тыс асыру, телефон пайдалану, жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы, кәмелетке толмағандардың скутер және электр самокатты заңсыз басқаруы, сондай-ақ мас күйінде көлік жүргізу.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жылдамдықты бақылауды, жаяу жүргіншілерге жолды белгіленген жерден ғана кесіп өтуді, ал ата-аналарға балалардың қозғалыс қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды ескертеді.
Қалта ұрлықтары да жиілеп отыр. 31 шілдеде қалалық бассейнде белгісіз адам бірнеше азаматтың қалтасынан ұялы телефондарын ұрлап кеткен. Мұндай қылмыстар базарларда, қоғамдық көліктерде, мерекелік іс-шаралар кезінде жиі орын алады. Полиция бағалы заттарды көпшілік жерде ашық ұстаудан сақ болуды, сөмке мен қалталарды әрдайым бақылауда ұстауды ұсынады.
Заң мен тәртіп қағидатын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Құқықтық сауаттылықты арттыру, яғни заңдарды білу және күнделікті өмірде оларды сақтау – қылмыстардың алдын алудың ең тиімді жолы. Полиция органдары тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға, күмәнді әрекеттер туралы дереу хабарлауға және балаларды құқыққа қайшы әрекеттерден қорғауға шақырады.