Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті білім мен ғылымның ірі орталығы, жоғары білім беруде көш бастайтын оқу орындардың бірі. ҚазҰУ еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Университеттің мыңдаған түлектері Қазақстан және оның аумағынан тыс жерлерде әр салада табысты еңбек етуде. Қазіргі таңда Қазақ Ұлттық Университеті – ерекше мәртебесі бар, білім мен ғылымды инновациялық дамытудың ұлттық көшбасшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты және ел тарихындағы сапа мен қызметтер саласындағы жетістіктері үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) сыйлығының лауреаты. Сондай-ақ, ҚазҰУ QS World University Rankings 2023 жылғы рейтинг бойынша 150-ші орынға, QS Asia 2023 жылғы университеттер рейтингі бойынша 44-ші орынға ие болды. ҚазҰУ Шахид Бехешти университетінде (Иран), Цукуба университетінде (Жапония), Бейжің шетелдік зерттеулер университетінде және Шанхай шетелдік зерттеулер университетінде (ҚХР), Карачи университеті (Пәкістан), Каир университеті, Стамбул университетінде, Иордания университетінде секілді әлемнің әртүрлі елдерінде «Әл-Фараби» орталықтарын құрды, және Түркия мен Үндістан елінде әл-Фараби мұражай-үйлерін құрды.
Еліміздің білім деңгейі, ғылым саласы, қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан, 90 жылдық тарихы бар қара шаңырақ. Қазақ ұлттық университеті өзінің негізін 1934 жылы қалағаннан бастап Қазақстандағы білім беру жүйесінің бетке ұстар көркі, университеттік дәстүрлердің, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау көзі болды. Қазіргі таңда университетте 16 факультет жастарға білім беруде. Университетімізде шамамен 26000 студент білім алып, 3000 аса оқытушылар қызмет етуде. Факультеттердің барлығы білім беруде заманауи технологиялар, қазіргі заманғы жоғары ғылыми жетістіктер мен білім берудің озық үлгісін, ғылымға ынталандырудың жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жастарға білім нәрін беруде, олардың білім мен ғылымға құштарлығы мен талпыныстарын арттырып, оларға тиімді бағыт бағдар беру мақсатында қызмет етуде.
Оқу орнында білім алушы жастарға барлық жағдай жасалған. Университет қалашығындағы «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, ҚазҰУ кітапханасы, спорттық сауықтыру кешені, «Magnum» азық-түлік супермаркеті, оқу және ғаламтор орталығы, жатақханалар, студенттік медициналық пункттер студенттердің өз қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қолайлылық туғызады.
Оқу орынында жастар ғылыми жұмыстарға белсене араласа алады, ғылыми зерттеулер жүргізіп, олардың нәтижелерін болашақ мамандықтарында біліктілік пен жоғары кәсіби деңгейін көрсетуге қолдана алады. Республикалық және халықаралық түрлі конференциялараға қатысып, жүлделі орындарға ие болу мүмкіншілігі бар. Сонымен қатар, студенттер академиялық мобильдік арқылы шет елдік университеттерде білім алып, тәжірибе жинақтап келе алады. Сонымен қатар, оқу орнында әртүрлі өзекті тақырыптағы кездесулер, семинарлар, тренингтер, мастер класстар, дөңгелек үстелдер өткізіледі және университеттің беделді түлектерінің көш басшылық дәрістерінің білім алушыларға беретіні көп екені сөзсіз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ университеті–ұлттық ғылым саласында жоғары кәсіби білімді жан жақты мамандарды дайындайтын және болашақта оларға орасан зор мүмкіндіктер ашатын оқу ордасы. Демек, шоқтығы биік білім ордасы– бәсекеқабілетті маман иесінің жарқын болашағының бастауы болатыны сөзсіз.
Оралбекова А.М. «Экономика» мамандығының 4 курс студенті
Исатаевна Т.К. Экономика ғылымдарының кандиданты, доцент