Ақмола облысында ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асып жатыр. Бұл жолы мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен облыс аумағында 10 жаңа медициналық нысанның құрылысы қолға алынды. Жалпы құны 1,7 миллиард теңгеге бағаланған бұл жоба шалғай елді мекендердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсартуды көздейді.
Мақсат – шалғайдағы ауылдарға медициналық қолжетімділікті арттыру
Жаңа амбулаториялар мен емханалар негізінен ауылдық жерлерде салынуда. Себебі бұл өңірлерде медициналық қызметтерге қолжетімділік бұрыннан өзекті мәселе болып келген. Былтырдың өзінде облыста 28 емдеу мекемесі пайдалануға берілген еді. Солардың бірі – Айдабол ауылындағы амбулатория.
Бүгінде ауыл тұрғындары бұрынғыдай ескі әрі тар ғимаратқа бармайды. Жаңа нысанның ашылуымен маман тапшылығы да шешімін тапқан. Айдабол тұрғыны Райгүл Жүсіпова жаңа емхананың ауыл өміріне оң өзгеріс әкелгенін қуана айтып отыр:
«Бізде көп жыл бойы дәрігер болмаған. Енді жаңа ғимарат салынғалы дәрігер де келді, бәрі ыңғайлы. Барлық анализдерді де осы жерден тапсырамыз. Бұл – халық үшін өте тиімді», – дейді ол.
Жаңа форматтағы емдеу кабинеттері ашылды
Айдаболдағы дәрігерлік амбулатория тек осы ауылға ғана емес, маңайдағы тағы бес ауылдың халқына да қызмет көрсетеді. Мұндағы медициналық қызметтің сапасы артқаны байқалады. Амбулатория жетекшісі Татьяна Шлягердің айтуынша, жаңа нысанның арқасында бірнеше жаңа бөлімше ашылып, бұрын болмаған қызмет түрлері қолжетімді болған.
«Мысалы, емдік дене шынықтыру кабинеті ашылды. Бұл әсіресе инсульт алған науқастардың оңалуына көп көмектеседі. Сонымен қатар күндізгі стационарға арналған 5 арнайы орын да жабдықталды», – дейді ол.
Құрылыс қарқыны жоғары – жыл соңына дейін тапсырылмақ
Қазіргі таңда салынып жатқан 10 нысанның барлығында құрылыс жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Ақмола облысы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нияз Байғожиннің айтуынша, көп нысандарда ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары басталған.
«Құрылыстың орташа орындалуы 70-80 пайыз шамасында. Қазіргі кезде жаңа техникаларды орнату жұмыстары қатар жүріп жатыр. Барлық нысанды жыл соңына дейін толық аяқтауды көздеп отырмыз», – дейді ол.
Апатты жағдайдағы ауруханалар да жаңартылады
Ауыл амбулаторияларынан бөлек, кейбір аудан орталықтарындағы ауруханалар да жаңартылуда. Мәселен, Біржан Сал ауданының орталық ауруханасы апатты жағдайда болғандықтан, бұл жерде 200 орындық жаңа емхана салынуда. Жоспар бойынша жаңа нысан шілде айында пайдалануға беріледі.
Қайтарылған активтердің ел игілігіне жұмсалуы – әділетті Қазақстан жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бастама арқылы елді мекендердегі медициналық қызметтің сапасы артып, тұрғындардың өмір сүру деңгейі жаңа сатыға көтеріледі. Ең бастысы – шалғайдағы халық өзін ұмыт қалмағанын сезінеді.