Шымкент қаласында құқықтық сананы қалыптастыру мен жастарды жалған ақпараттың ықпалынан қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның айқын дәлелі – Т. Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясында өткен «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі. Арнайы сыныпқа қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Жолдасбек Бөкенбаевтың есімі беріліп, оқушыларға батырлықтың, адалдықтың және мемлекетке қызмет етудің үлгісі таныстырылды.
«Жас сақшы» қатарына енген 30 тоғызыншы сынып оқушысы тек патриоттық тәрбие алумен шектелмейді. Бұл бастама – жастардың құқықтық сауатын ерте жастан қалыптастырып, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде тәрбиелеудің тиімді тетігі. Бүгінгі цифрлық қоғамда балалардың ақпаратты сүзгіден өткізу қабілеті ерекше маңызды. Сол себепті сынып жұмысының мазмұнына құқықтық мәдениет, киберқауіпсіздік, жалған ақпаратты ажырату тәсілдері және құқықтық жауапкершілік туралы сабақтар енгізілмек.
Іс-шараға III дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Ербол Отарбаевтың қатысуы жасөспірімдерге ерекше жігер берді. Сонымен қатар, Жолдасбек Бөкенбаевтың әпкесі батырдың өмір жолы мен ерлігі туралы айтып, оқушыларды елге қызмет етуге рухтандырды. Бұл кездесу құқықтық тәртіпті сақтау тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Жиында сөз алған құқық қорғаушылар жас өрендерге тәртіп пен білімге ұмтылудың маңызын түсіндіріп, бүгінгі ақпараттық кеңістіктегі жалған хабарламалардың қауіптілігіне тоқталды. Әлеуметтік желілерде тез тарайтын манипуляциялық контенттің жастар санасына әсер етпеуі үшін олардың құқықтық иммунитетін күшейту қажеттігі атап өтілді.
Шара барысында полиция қызметкерлерінен құралған «ПолиАрт» тобының музыкалық қойылымдары, арнайы жасақтың көрсетілімдері оқушылардың қызығушылығын арттырып, құқық қорғау саласының маңызын жан-жақты ашып көрсетті. Кадеттерге арнайы үлгіде тігілген форма мен толық жабдықталған оқу бөлмесі де болашаққа деген сенім мен жауапкершілікті күшейтті.
Ұйымдастырушылар «Жас сақшы» сыныбының жас буын арасында құқықтық мәдениетті арттыруға, қоғам қауіпсіздігін сақтауға бейім жеке тұлға қалыптастыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Осындай бастамалар арқылы Шымкент қаласында құқықтық санасы жоғары, жалған ақпаратқа алданбайтын, ел мүддесін бірінші орынға қоятын жаңа буын өсіп келеді.
