My CMS
Соңғы жаңалықтар Қоғам

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАСТАМАСЫ: ЕЛДІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛЫНДА

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев табиғатты қорғау іс-шаралары, ағаш отырғызу, заңсыз қоқыс алаңдарын жою, ҚТҚ өңдеу жобаларын іске асыру жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылады.

«Президентіміздің “Таза Қазақстан” бастамасы кең ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Мәселе тек ағаш отырғызу немесе қоқыс тазарту ғана емес. Табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды біріктіру, жайлы әрі таза қоршаған ортаны қамтамасыз ету – әрбір адамның белсенді қатысуымен жүзеге асуы тиіс. Табиғи байлықты сақтау, ауа мен судың тазалығын қамтамасыз ету, ресурстарды ұтымды пайдалану – біздің басты міндеттеріміз», – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл республика бойынша 1 250 экологиялық іс-шара өткізілді. Аумақтарды жинау, көгалдандыру және экологиялық ағарту жұмыстары нәтижесінде 2,8 млн-нан астам ағаш отырғызылды, 1 млн гектардан астам жер тазартылды, шамамен 800 мың тонна қалдық жиналды. Осылайша, коммуналдық шаруашылықпен бірлесіп қалалар мен ауылдарда жалпы 3,8 млн ағаш отырғызылды. Қазіргі таңда 18 млн-нан астам ағаш отырғызылып, бұл Президенттің 2025 жылға дейін елді мекендерде 15 млн көшет отырғызу міндетін орындауға мүмкіндік береді.

Заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстары жалғасуда. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп 1 300-ден астам мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 833 полигон анықталып, олардың 80%-ы жойылды. 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 12,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Жыл басынан бері @TazaQazBot телеграм-чат платформасы арқылы 24 мыңнан астам өтініш түсті, оның 23 мыңнан астамы орындалды. Келіп түскен өтініштердің көбі аумақтарды тазарту, тұрмыстық қоқыстарды шығару, көшелерді абаттандыру және жолдарды жөндеуге қатысты.

«Таза Қазақстан» бастамасындағы маңызды аспектілердің бірі – қалдықтарды жауапкершілікпен өңдеу. Өңірлердің экологиялық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін 8 жаңа ҚТҚ полигоны пайдалануға берілді. Қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша жалпы құны шамамен 89,4 млрд теңгені құрайтын 22 инфрақұрылымдық жоба іске асыру сатысында тұр, ал тағы 40 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кешенді жоспар бойынша қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша 100 полигон салу көзделген.

Сонымен қатар, Ерлан Нысанбаев Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 3 қоқыс өртеу зауытын салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Биыл жалпы құны 293 млрд теңге болатын инвестиция бойынша келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар, кәдеге жарату қаражаты есебінен құрамында тұрақты органикалық ластаушы заттары бар қалдықтарды басқару және сот шешімімен республикалық меншікке берілген иесіз қауіпті қалдықтарды жою көзделуде.

Қатысты жаңалықтар

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ЖАҢА СПОРТ АЛАҢШАЛАРЫ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

ulanonlinejob_r46y8xlo

Асуан Сиябеков: АЭС елдің ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетін өсіреді

ulanonlinejob_r46y8xlo

МЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз