My CMS
Аймақ Соңғы жаңалықтар

ЦИФРЛЫҚ ӘЛЕМДЕГІ ҚАЛҚАН: ІІМ КИБЕРАЛАЯҚТАРҒА ЖӘНЕ ЖАЛҒАН АҚПАРАТҚА ҚАЛАЙ ҚАРСЫ ТҰРЫП ЖҮР

Қазіргі заманда қылмыскерлер көшеде емес, телефон мен компьютер экранының ар жағында әрекет етеді. Ақпарат алмасудың жылдамдығы мен интернет мүмкіндігінің кеңдігі – азаматтардың өмірін жеңілдеткенімен, алаяқтар үшін де қолайлы алаңға айналды. Осындай жағдайда ең мықты қорған – қырағылық пен құқықтық сауаттылық. Ал қырағылық сыр берсе, көмекке кәсіби мамандар келеді.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті күн сайын азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың алғашқы алты айында олардың әрекеттерінің арқасында елімізде жалған нөмірлерден жасалған 67 миллионға жуық қоңырау бұғатталды. Сонымен қатар, 74 sim-box құрылғысы және 88 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карта тәркіленді.

Алаяқтар түрлі айлаға барады: банктің қызметкері болып танысады, коммуналдық мекеме атынан хабарласады, тіпті мемлекеттік орган өкілі сияқты сөйлейді. Мысалы, Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындары есептегіш тексеру сылтауымен код беріп қойған соң, банк алдындағы шоттарына қол сұғылмақ болғанын айтты.

– Қаладағы энергия компаниясынанбыз деп хабарласты. Есептегішті тексереміз, сізге төрт таңбалы код келеді деді. Кодты жіберген соң, өзін Ұлттық банктен деп таныстырғандар хабарласты. Абырой болғанда, полиция дер кезінде әрекет етіп, бәрін бұғаттады, – дейді Ақмола облысының тұрғыны.

– Маған шетелдік нөмірден қоңырау шалып, келген кодты айтуымды сұрады. Айттым. Кейін бір әйел хабарласып, бұл – алаяқтар, сізге маман көмектеседі деді. Видеоқоңыраумен байланысқан ер адам куәлігін көрсетіп, ешкімге айтпауды сұрады. Бірден полицияға жүгіндім, – дейді Қарағанды облысының тұрғыны.

Мұндай жағдайлардың алдын алу «Қазақтелеком» АҚ, ұялы байланыс операторлары және банк секторымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде мүмкін болып отыр. «Антифрод орталығы» арқылы 2,6 млрд теңгеден астам қаражат алаяқтардың қолына түспей қалды.

Шымкент қаласында да бұл мәселе күн тәртібінде. Құқықтық сананы арттыру бағытында мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында киберқауіпсіздік бойынша сабақтар, интерактивті тренингтер мен ашық кездесулер өткізіліп келеді. Қалалық полиция департаменті мен әкімдік бірлесіп, халық арасында «Алаяққа алданба!», «Сенім кодын ешкімге берме!» атты түсіндіру акцияларын ұйымдастыруда.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын жалған ақпарат пен манипулятивті контентке қарсы да жұмыс күшейген. Ақпараттық қауіпсіздік мамандары азаматтарға әр хабарламаның дереккөзін тексеруді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді, жеке деректерін ешкімге бермеуді ескертіп келеді. Бұл – тек техникалық қауіпсіздік емес, сананы арбауға қарсы иммунитет қалыптастыру ісі.

Шымкенттегі қоғамдық ұйымдар мен жастар қозғалыстары да бұл бағытқа үлес қосып отыр. Мысалы, волонтерлік топтар базарларда, сауда орталықтарында, аялдамаларда адамдарға жалған хабарламалардың мысалдарын көрсетіп, оларды ажырату жолдарын түсіндіреді.

Бүгінде тәуекел аймағында зейнеткерлерден бастап, студенттер, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерге дейін бар. Киберқауіпсіздік – тек ІІМ не арнайы құрылымдардың міндеті емес, бұл – әр азаматтың жеке жауапкершілігі.

ІІМ өкілдері атап өткендей:

– Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз – цифрлық қауіпсіздік сіздің қырағылығыңыздан басталады.

Шымкент пен бүкіл ел аумағында жүргізіліп жатқан кешенді шаралар – алаяқтықтың жолын кесуге ғана емес, құқықтық мәдениеті жоғары, ақпараттық тұрғыдан сауатты қоғам құруға бағытталған.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ СОЛТҮСТІК ӨҢІРЛЕРГЕ ЕРІКТІ ТҮРДЕ ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАРДЫҢ ҚАТАРЫ АРТҚАН

ulanonlinejob_r46y8xlo

«ҚАЗАҚСТАН – ӨЗБЕКСТАН» ӨҢІРАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ФОРУМЫ САМАРҚАНДА ӨТТІ

ulanonlinejob_r46y8xlo

ШЫМКЕНТТЕ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДА КЕШЕНДІ ЖОСПАРЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз