My CMS
Аймақ Қоғам

ШЫМКЕНТТЕ «ҚАРУ» ІС-ШАРАСЫ: 5 МЫҢНАН АСТАМ ҚАРУ ИЕСІ ТЕКСЕРІЛДІ

Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заңсыз қару айналымына тосқауыл қою мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы биыл да ауқымды көлемде өтті. Ұйымдастырылған бұл шара қала аумағында атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алу, азаматтық қару иелерінің қару сақтау тәртібін тексеру және заңсыз айналымдағы қару-жарақты анықтау міндетін көздеді.

Іс-шара барысында Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қару иелерінің тұрғылықты мекенжайларында, аңшылық алқаптарда және шалғайдағы шаруа қожалықтарында рейдтер жүргізді. Барлығы 5276 азаматтық қару иесі тексеріліп, олардың қару сақтау және пайдалану ережелеріне сәйкестігі зерделенді.

Тексеру барысында:

  • 9 дана суық қару тәркіленді, қазіргі таңда олар бойынша тергеу амалдары жүргізілуде;
  • 128 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды;
  • Қаруды сақтау, алып жүру және тасымалдау тәртібін бұзған 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
  • Қару тіркеу тәртібін бұзған 20 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әрбір қару иесі оны тек тіркелген мекенжайда, арнайы сейфте немесе жабық металл шкафта сақтауы тиіс. Қару сақтаудың дұрыс тәртібі — тек заң талабы ғана емес, ол отбасы мүшелерінің және қоғам қауіпсіздігінің маңызды кепілі.

Полиция өкілдері түсіндіргендей, қаруды сақтау ережелерін бұзу тек айыппұлмен шектелмей, кей жағдайда қаруды тәркілеуге де әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, қаруды заңсыз иелену, сату немесе қолдану қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні ескертілді.

Заң бойынша, егер азаматтың қолында заңсыз сақталған қару, оқ-дәрі немесе жарылғыш заттар болса және оларды өз еркімен құқық қорғау органдарына тапсырса, оның әрекетінде басқа қылмыстық құрам болмаса, мұндай азамат қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Бұл норма — азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру және заңсыз қару айналымын азайтуға бағытталған маңызды шара.

«Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы Шымкент қаласында заңсыз қару айналымын азайтуға, қару қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алуға және тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға үлкен үлес қосып келеді. Бұл — «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асырудағы маңызды тетіктердің бірі.

Полиция департаменті қала тұрғындарын заң талаптарын қатаң сақтауға, қару сақтау тәртібін бұзбауға және кез келген күдікті жағдай туралы бірден «102» нөміріне хабарлауға шақырады.

Қатысты жаңалықтар

Задачи прокуратуры – закон и порядок

ulanonlinejob_r46y8xlo

ШЫМКЕНТ: ҚОШҚАР АТА ӨЗЕНІНІҢ ЖАҒАЛАУЫ ТАЗАЛАНДЫ

ulanonlinejob_r46y8xlo

ШЫМКЕНТТЕ «ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ҚАЗАҚСТАН» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз