Бүгінгі таңда “Заң және тәртіп” қағидатын іске асырудың басты бағыттарының бірі – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық санасын арттыру және қоғамға қарсы әрекеттердің алдын алу. Осы мақсатта Шымкент қаласында “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Шара аясында Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері кәмелетке толмағандардың кешкі және түнгі уақытта ата-анасыз немесе заңды өкілінсіз жүру фактілерін анықтауға бағытталған рейдтер жүргізеді. Әсіресе, жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында немесе көшеде заңсыз уақытта жүру себептері анықталып, оларға профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандарға түнгі сағат 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін ойын-сауық орындарында, ал 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз немесе қамқоршысыз жүруге тыйым салынған. Бұл талаптар балалардың қауіпсіздігін сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бекітілген.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының өкілдері жастар көп жиналатын орындарды, ойын-сауық мекемелерін, саябақтар мен көшелерді тексеруде. Сонымен қатар, профилактикалық есепте тұрған “қолайсыз отбасылар” мен жасөспірімдердің тұрғылықты мекенжайларына барып, жағдайды бақылауға алады.
Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – жасөспірімдерді құқық бұзушылықтан, түрлі тәуекел топтарынан және түнгі уақыттағы қауіп-қатерлерден қорғау. Сонымен қатар, ата-аналарға да балаларын бақылауда ұстау және олардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті сезіну қажеттігі ескертіледі.
Шара тек қадағалау емес, сонымен бірге құқықтық мәдениетті қалыптастырудың да маңызды тетігі. Жасөспірімдермен өткізілетін профилактикалық әңгімелер барысында заң талаптары түсіндіріліп, олардың өз құқығын білуі мен оны сақтау маңыздылығы атап өтіледі.
“Түнгі қаладағы балалар” акциясы алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл – Шымкент қаласында балалар мен жастардың қауіпсіз өмір сүруіне, құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі.