Бүгінгі таңда “Заң және тәртіп” қағидаты – қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізгі тіректерінің бірі. Құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтарды алаяқтықтан қорғау – Шымкент қаласы үшін басым бағыттардың қатарында.
Ішкі істер министрлігі мен Шымкент қаласы Полиция департаменті интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрлеріне қарсы күресті күшейтті. Соның бірі – тұрғын үй немесе қонақүй нөмірін брондау кезінде банк картасының деректерін заңсыз жолмен алу. Бұл қылмыс көбіне фишингтік сайттар арқылы жасалады, онда домен атауында ұсақ өзгерістер болады немесе пайдаланушыға қайтадан төлем деректерін енгізу сұралады.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға мынадай құқықтық кеңестер береді:
- Сайттың мекенжайын тексеріңіз. Ұсақ орфографиялық айырмашылықтар немесе домендегі өзгерістер алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.
- Жеке деректерді құпия ұстаңыз. Банк картаңыздың нөмірін, CVV кодын және басқа да мәліметтерді чат арқылы жібермеңіз.
- Күдікті ұсыныстардан бас тартыңыз. Нарықтан әлдеқайда төмен баға – алдаудың айқын белгісі.
- Толық алдын ала төлем жасамаңыз. Алдымен нысанды көріп, бар екеніне көз жеткізіңіз.
- Күдікті сілтемелерден аулақ болыңыз. Белгісіз хабарламалар мен электрондық поштадағы сілтемелер жалған сайттарға апаруы мүмкін.
- Сенімді платформаларды қолданыңыз. Тек ресми және тексерілген брондау сервистерін пайдаланыңыз.
Шымкент қаласында бұл бағытта кешенді профилактикалық жұмыс атқарылып жатыр. Қаладағы білім беру мекемелерінде, жұмыс орындарында және қоғамдық орындарда құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған кездесулер өткізіледі. Онда қаржылық пирамидалардың, интернет-алаяқтықтың, жалған ақпараттың және әлеуметтік желідегі манипуляцияның белгілері түсіндіріледі.
Полиция департаменті сонымен бірге киберқылмыстардың алдын алу мақсатында интернет кеңістігін тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Биылғы жылдың өзінде заңсыз мазмұндағы мыңнан астам интернет-ресурс анықталып, бұғаттау үшін тиісті органдарға жолданды.
Жастар арасында лудомания мен суицидтік тәуекелдің алдын алу – тағы бір маңызды бағыт. Бұл үшін психологтармен бірлесіп түсіндіру шаралары, сенім телефондары және онлайн-кеңес беру платформалары іске қосылған.
“Заң және тәртіп” қағидаты – тек қылмыспен күрес емес, сонымен қатар құқықтық мәдениетті қалыптастыру, әр азаматтың өз құқығы мен міндетін білуін қамтамасыз ету. Шымкентте жүргізіліп жатқан осы кешенді шаралар – қоғамдағы сенімділік пен тұрақтылықты нығайтудың кепілі.