Қоғамдағы құқықтық сананы арттыру – тұрақты әрі қауіпсіз өмірдің негізі. Бұл – тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Құқықтық мәдениетке ие болу – өз құқығын біліп қана қоймай, жалған ақпараттың жетегіне ермеу, алаяқтықтың түрлерінен сақтану, жастарды ойынқұмарлық пен күйзеліске ұрындырмау бағытында сауатты әрекет ету деген сөз.
Осыған орай, сіздердің назарыңызға Шымкент қаласы Полиция департаменті мен аудандық полиция басқармаларына өтініштерді беру тәртібі туралы маңызды ақпаратты ұсынамыз:
1-ҚАДАМ – МӘСЕЛЕҢІЗГЕ СӘЙКЕС АДРЕСАТТЫ ТАҢДАҢЫЗ
Өтінішті нақты және тікелей құзырлы органға жолдағаныңыз жөн. Мысалы, егер әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты арыз бергіңіз келсе, оны Шымкент қаласы Полиция департаментіне немесе тиісті аудандық басқармаға жолдаңыз. Егер өтініш қате мекемеге жолданса, ол автоматты түрде қажетті органға бағытталады.
2-ҚАДАМ – ӨТІНІШ БЕРУ ТӘСІЛІН ТАҢДАҢЫЗ
- Жеке өтінішті Полиция департаментіне немесе аудандық полиция басқармасына барып тапсыруға;
- Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жіберуге;
- Электронды түрде eGov порталы немесе «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы жолдауға болады.
Ескеріңіз: Өтінішті қабылдаудан бас тартуға жол берілмейді.
Өтініштерді қарау мерзімдері:
- Арыз – 15 жұмыс күні ішінде,
- Шағым – 20 жұмыс күні ішінде қаралады.
Назар аударыңыз! Қазіргі таңда қоғамда кең тараған интернет-алаяқтық, қаржылық пирамидалар, әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат пен арандатушылық мазмұндағы материалдар азаматтардың сеніміне селкеу түсіріп, қоғамдық сананы манипуляциялауға әкелуде. Осындай құқық бұзушылықтарға тап болған жағдайда, уақыт оздырмай полицияға жүгіну – сіздің және айналаңыздың қауіпсіздігі үшін маңызды.
Сонымен қатар, ойынқұмарлық (лудомания) және суицидтік көңіл-күй секілді мәселелер бойынша да құқық қорғау және әлеуметтік құрылымдармен бірлескен көмекті алу үшін хабарласуыңызға болады. Учаскелік инспекторлар мен әлеуметтік мамандар сіздерге қажетті ақпарат пен қолдауды көрсетуге дайын.
Хабардар азамат – қорғалған азамат. Өз құқығыңызды біліп, міндетіңізді дұрыс атқару арқылы қоғамымызды қауіпсіз әрі әділетті етуге бірге атсалысайық!