Биылғы оқу жылы еліміздегі 3,9 миллион оқушы үшін мәресіне жетті. Оның ішінде 364 мыңнан астам бала тоғызыншы сыныпты аяқтап, білім жолында жаңа кезеңге аяқ басса, 217 мың түлек үлкен өмірге қанат қақты. Қалған оқушылар үшін бұл – жазғы демалыстың қызықты әрі мазмұнды бастамасы.
2024 жылғы жазғы демалыс 98 күнге созылады. Бұл уақытты балалардың қауіпсіз әрі пайдалы өткізуі – басты міндеттердің бірі. Осыған байланысты елімізде дәстүрге айналған жазғы сауықтыру және дамыту лагерьлері жұмысын бастайды.
Биыл республика бойынша 200-ден астам стационарлы сауықтыру орталығы, 500-ден астам маусымдық лагерь және 10 мыңға жуық мектеп жанындағы лагерь өз есігін ашады. Бұл демалыс орындары 2,9 миллионға жуық оқушыны қамтып, олар үшін түрлі спорттық, шығармашылық, танымдық және ойын-сауық бағдарламаларын ұсынады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, өңірлік ведомствоаралық штабтар құрылып, білім беру, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері лагерьлердің дайындығын пысықтап жатыр. Сауықтыру орталықтарында балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін барлық талаптар сақталып, қажетті жағдайлар жасалуда.
Астана қаласында жаз мезгілінде 10 аула клубы жұмыс істейді. Бұл клубтарда балалар үшін 124 үйірме мен секция ұйымдастырылған. Оның ішінде 68-і – спорттық, ал 56-сы – шығармашылық бағыттағы үйірмелер. Әр аула клубы өзінің жеке жұмыс жоспарына сәйкес қызмет атқарады. Қазіргі таңда елордадағы аула клубтарында 150-ден астам маман еңбек етіп, 2500-ден аса бала түрлі үйірмелерге белсене қатысып келеді.
Жазғы лагерьлер мен аула клубтары – тек бос уақытты өткізу орны емес, сондай-ақ балалардың тұлғалық дамуына, жаңа достар табуына, шығармашылық қабілетін шыңдап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң.