Сан-Франциско қаласында өткен «АҚШ–Еуразия энергетика және экология форумы» аясында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары жасыл энергетика саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға уағдаласты. Форумда Каспий маңы елдері – Қазақстан, Әзербайжан және Грузия – мен АҚШ өкілдері энергетикалық тұрақтылық пен экологиялық жауапкершілік бағытында күш біріктірудің жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Ауқымды іс-шара Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның Сан-Францискодағы Бас консулдықтарының бастамасымен және АҚШ Сауда министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Форум жұмысына осы елдердің үкімет мүшелері, Калифорния штатының әкімшілік өкілдері және энергетика саласындағы жетекші америкалық сарапшылар қатысты.
Кездесу барысында Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымына инвестиция тарту, жаңартылатын энергия көздеріндегі инновациялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ «жасыл» технологиялар трансферін дамыту мәселелері басты назарда болды.
Қазақстан делегациясын басқарған Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов еліміздің жасыл энергетика саласындағы стратегиялық басымдықтарын таныстырып, америкалық инвесторларды отандық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
«Қазіргі уақытта Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан бірлесіп, маңызды трансшекаралық жобаны қолға алып отыр. Бұл — Каспий теңізінің түбімен тартылатын кабель арқылы жасыл энергияны Еуропаға жеткізу бастамасы. Жобаға қатысты негізгі келісімдер Бакуде бекітілді, техникалық параметрлері мен операторлары анықталды. Бұл тек аймақтық емес, жаһандық деңгейдегі жоба, әрі ол халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының қызығушылығын тудырып отыр. Жобаның болашағы зор және біз оны табысты жүзеге асырамыз деп сенеміз».
Қазақстан мен АҚШ арасындағы бұл серіктестік климаттық өзгерістерге қарсы күресте, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және таза болашаққа ұмтылыста маңызды рөл атқарады.