Шымкент қаласындағы «Даңқ мемориалы» Ұлы Отан соғысының отты жылдарында ерлікпен шайқасқан майдангерлердің есімін мәңгілікке тасқа қашап, ұрпаққа өнеге етіп отырған қасиетті орын. Биыл бұл ескерткіш тағы да толықпақ: жауынгерлік ерлігі еленбей келген 26 ардагердің аты-жөні мәрмәр тақтаға жазылады.
Жаңа есімдер Сарыағаш, Төле би, Сайрам аудандары мен бұрынғы облыс орталығынан соғысқа аттанған жауынгерлерге тиесілі. Олар туралы деректерді республикалық «Атамның аманаты» қоғамдық ұйымының іздеу тобы майдан даласынан табылған орден-медальдар арқылы анықтап отыр. Атап айтқанда, «Даңқ» ордені мен «Ерлігі үшін» медальдарына қатысты құжаттар негізінде зерттеу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде олардың әскери комиссариаттарда тіркелмей қалғаны белгілі болған.
Бұл жағдай жайдан-жай емес. ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серікбай Оңбаевтың айтуынша, соғыс жылдары құжат жүргізу жүйесінде елеулі үзілістер болған.
«Олар соғысқа қатысқан, сол жерде ауыр жарақат алып, госпитальда ем қабылдаған. Көзі тірісінде алған ордендері мен медальдары, сондай-ақ майданға қатысқаны туралы басқа да дәлелдер бар. Алайда әскери комиссариаттарда ол кісілердің майданға кеткені жөнінде ресми дерек тіркелмеген. Себебі ол кезең – аласапыран заман болатын», – дейді Серікбай Оңбаев.
Жауынгердің бір медалі – тұтас тарих. Іздеу тобының жұмысы – естен ұмытыла жаздаған ерлік шежіресін қайта жаңғырту. Соғыс даласында қан кешіп, елге аман оралғанымен, ресми тізімге енбей қалған майдангерлерді тану – Тәуелсіз елдің тарихи әділеттілікті қалпына келтірудегі маңызды қадамы.
Бұл бастама Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қолға алынып отыр. Әр есім – ұлттың жады, әр тасқа қашалған әріп – ұрпаққа аманат. Осы арқылы еліміз бүгінгі бейбіт тіршілікке жеткізген батырлардың есімін ұлықтап, ұмыт қалдырмайтынын тағы бір мәрте көрсетті.
Еске салсақ, Шымкенттегі «Даңқ мемориалы» – соғыста ерлікпен қаза тапқандар мен аман оралған жауынгерлерге арналған маңызды рухани кешен. Мұнда түрлі жылдары майданға аттанған мыңдаған ардагердің есімі тасқа ойылып жазылған. Жаңа 26 есімнің қосылуы – сол мәңгілік тізімді толықтыратын маңызды тарихи сәт.