Әлемдік католик қауымдастығы Рим Папасы Францисктің денсаулығына алаңдаушылықпен қарап, келесі понтификтің кім болатыны жөнінде жорамалдар жасай бастады. Осы орайда халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары Рим Папасы лауазымына үміткерлердің ықтимал тізімін жариялауда.
АҚШ-тағы беделді New York Post басылымы келесі Папа болуға мүмкіндігі жоғары 20 кандидаттың есімін атады. Бұл тізімде француз кардиналы Жан-Марк Авеллин де бар. Ол қазіргі понтифик Франциске жақындығымен белгілі. Бұдан бөлек, сарапшылар католик шіркеуінің келесі көшбасшысы Азия немесе Африка құрлығынан шығуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұл пікір діни ортаның жаһандану үдерісіне бейімделіп келе жатқанын білдіреді.
Италияның La Stampa газеті болса, Францисктің орнына басты үміткер ретінде Ватиканның қазіргі Мемлекеттік хатшысы, кардинал Пьетро Паролиннің есімін алға тартты. Ол – дипломатиялық тәжірибесі мол, шіркеу ішіндегі салмақты фигуралардың бірі.
Католик шіркеуінің дәстүріне сай, понтифик қайтыс болғаннан немесе қызметінен кеткен жағдайда 15-20 күн ішінде кардиналдар жабық конклав өткізеді. Осы жиында жаңа Рим Папасы сайланады. Жаңа понтификтің сайланғанын халық дәстүрлі түрде Сикстин капелласының мұржасынан шыққан ақ түтін арқылы біледі.
Айта кетейік, қазіргі Рим Папасы Франциск 2013 жылы таққа отырған. Ол – Латын Америкасынан шыққан алғашқы понтифик. Жасы 87-ге таяған діни көшбасшының денсаулығына байланысты түрлі болжамдар айтылып жүр. Осыған орай, жаңа Папа сайлауының жақындауы ықтимал деген пікірлер жиілей түсті.
Католик әлемі болашақ понтификтің қандай бағыт ұстанарын асыға күтіп отыр. Жаңа басшының діни реформаларға бет бұруы немесе дәстүршіл бағытты жалғастыруы – бүкіл әлем назарын өзіне аударатын маңызды кезең болмақ.