Шымкент қаласында зейнет жасындағы тұрғындарды қолдауға бағытталған әлеуметтік шаралар аясында оларды сауықтыруға арналған мүмкіндіктер кеңейтілуде. Қалалық мәслихаттың шешімімен жыл сайын 5 000 зейнеткерге шипажайларға жолдама беру қарастырылған. Бұған қоса, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Ізетті зейнеткер» атты 70 орындық сауықтыру кешені ашылғалы, жыл сайын қосымша 2 000 зейнеткердің ем алуына мүмкіндік туындады. Осылайша, жалпы 7 000 ардагер мен зейнеткер сауықтыру ем-шараларынан өтіп, денсаулығын нығайтуға қол жеткізеді.
2024 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде төрт шипажаймен келісім-шарт жасалды. Олар: Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі», Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» және Шымкент қаласындағы «Денсаулық» шипажайлары. Жыл басынан бері осы шипажайларға 6 220 жолдама беріліп, оның ішінде 1 655 зейнеткер «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінде ем алды.
Жолдама алудың автоматтандырылған жүйесі citizen.geo-shym.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Зейнеткерлер ЖСН нөмірі мен тегін енгізу арқылы өз кезегін үйден шықпай-ақ бақылап, процессті барынша ыңғайлы түрде атқара алады.
Сондай-ақ, қалада 1 935 ардагерге тегін баспасөзге жазылу мүмкіндігі ұсынылды. Бұл «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента», «Айқын» газеттері және «Ардақты ардагер» басылымын қамтиды.
Бүгінгі күні Шымкентте 94 664 зейнеткер бар. Олардың ішінде 2-уі – Ұлы Отан соғысы ардагері, 1 687-сі – тыл еңбеккері. Сонымен қатар, 66 264 көп балалы ана және «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған 13 589 ана тіркелген.