«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» немесе «Естуші мемлекет» — бұл тұжырымдаманы 2019 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев өз жолдауында айтқан болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы дамудың кең перспективаларын айқындап берді десек, ондағы міндеттерді жүзеге асыруға бәріміз жұмыла атсалысуға тиіспіз деген болатын.
Шымкент қаласы – еліміздегі үшінші мегаполист атанған күннен бастап, аумағы кеңейіп, қала тұрғындарының саны артқан. Бүгінде қаланы дамыту мәселелері мен туристер санын арттыру мақсатында қарқынды жұмыс күші қолға алынған.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аппаратын мәжілісінде қаламыздағы бірқатар мәселелер мен жұмыс жоспарларына тоқталды. Онда инфрақұрылым жүргізуге тартылған мердігер мекемелердің жұмысы талқыланды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қазылған жолдардың міндетті түрде қалпына келтірілуі тиіс екенін, мұндай сапасыздыққа жол берген мердігерлердің қылмыстық жауапкершілік тартылатынын жеткізді.
Сонымен қатар, жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов мегаполистің 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіне тоқталды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 250,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артқанын жеткізді.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек оқушыларды жазғы демалыспен қамту мәселесіне тоқталып, баяндама жасады. Биыл жалпы білім беру ұйымдарындағы оқушылардың 94 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарлануда.
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев қала әкімінің тұрғындармен кездесуіндегі хаттамалық тапсырмалардың орындалуын баяндады. Халықпен кездесу барысында 65 мәселе көтеріліп, бүгінде оның 30-ы орындалған, қалғаны орындалу барысында.
Қала әкімі жауаптыларға бюджет қаражатын барынша тиімді жұмсап, жұмыс көлемі мен сапасын арттыруды жөнінде бірқатар тапсырма берді.