ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында айтылған кәсіптік дағдыларды дамыту және жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуды ынталандыру туралы тапсырмасын ведомство қалай іске асырып жатқанын баяндады.
Министр сөз басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қысқа мерзімді (1 жыл), орта мерзімді (6 жыл) және ұзақ мерзімді (2050 жылға дейін) еңбек ресурстарын болжау жүйесін қалыптастыратынын хабарлады.
Шымкент қаласында биыл білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 1 110 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау жоспарланған.
Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқуға жолдау үшін 29 жұмыс берушіден 44 мамандық бойынша 1 820 адамды оқытуға өтінім берілді. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін 29 мекемеден 52 мамандыққа 2 014 адамды оқытуға ұсыныс түсті. Комиссия отырысында өтінім берген мекемелердің техникалық базасы, жұмыс орындары, қазіргі экономикалық ахуалы мен салық төлемдері қаралды.
Нәтижесінде, комиссияның қорытындысымен білім беру орталығында 14 жұмыс берушіге 26 біліктілік бойынша 533 жұмыссыз азаматты оқыту, ал жұмыс берушілердің жұмыс орнында 12 мекемеге 25 біліктілік бағытында 200 жұмыссыз адамды оқыту бекітілді.
Оқу мерзімі үш айды құрайды. Білім беру ұйымдарында қысқа мерзімді кәсіптік білім беру барысында 43 574 теңге шәкіртақы төленеді, ал жұмыс берушілердің жұмыс орнында оқыту үшін 73 840 теңге айлық жалақы қарастырылған. Одан бөлек, оқуға қатысушыларға 7 384 теңге (2 АЕК) көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем беріледі.