Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3897 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта қалада Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші, үшінші және төртінші кезеңдері аяқталып, пайдалануға берілді, ал екінші, бесінші және алтыншы кезеңдердің құрылысы аяқталуға жақын.
Өтегенов көшесінің жалғасын салу жұмыстары да аяқталып, жақын арада автокөлік қозғалысына ашылады. Қала әкімі А-2 айналма жолын қайта құру барысын ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар сегіз кезеңнен тұрады. Бірінші, екінші, үшінші және төртінші кезеңдері аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл сегізінші кезеңінің аяқталуы жоспарлануда, ал бесінші, алтыншы және жетінші кезеңдер келесі жылы жүзеге асырылады.
Байдібек би даңғылындағы жол қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту мақсатында биыл Алтынсарин көшесін қайта құру, сондай-ақ Сареми, Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа қоныс және Изенді көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен жолдың құрылыс сапасын бақылау және жақсарту мақсатында Шымкент қаласының автомобиль жолдарын кешенді тексеру, техникалық есепке алу, жол мәліметтерінің электронды базасын құру және жолды бақылау жүйесін енгізу жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа зерттеу түрі қала жолдары мен нысандарының техникалық жағдайын талдауға, паспортизациялауға және диагностикадан өткізуге мүмкіндік береді. Автомобиль жолдарын паспортизациялау жол құрылыстарының ұзындығы мен техникалық сипаттамалары, инженерлік жабдықтар мен жол жағдайы туралы объективті мәліметтер алуға бағытталған. Шымкент қаласының көше-жол желісін күтіп-ұстау және жаңғырту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жөндеу, жол белгілері, жол таңбалары, бағдаршам объектілерін орнату жұмыстары атқарылуда. Мемлекет басшысы “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” туралы Жолдауында автожол саласындағы мәселелерді шешу қажеттілігін атап өтті. Жол сапасының нашарлығы, жұмыстардың уақытылы аяқталмауы, сапасыз орындалуы, сыбайлас жемқорлық және бәсекелестіктің төмендігі секілді проблемалар бар.
2029 жылға дейін елде 4000 шақырымнан астам автожолды сапалы қайта құру жоспарлануда. Қазақстан Еуразиядағы транзиттік хаб ретіндегі орнын нығайтып, уақыт өте келе толыққанды көлік-логистикалық мемлекетке айналуы тиіс.