2024-2025 жылғы жылыту маусымы қарсаңында Шымкент қаласында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында «Өрт қауіпсіздік айлығы» өткізілді. Бұл айлық тұрғын үй секторындағы өрт қаупін азайту және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Эльмира Ережепова осы шараның нәтижелері туралы хабарлады.
Өткен 2023-2024 жылыту маусымында қатты отын пайдаланған кезде улы газбен уланудың 5 жағдайы тіркеліп, 4 адам қаза тапты. Бұл көрсеткіш 2022-2023 жылдарға қарағанда 44%-ға төмендеді, алайда жарақат алғандардың саны көбейген. Осыған байланысты, жергілікті билік тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жаңа маусым алдында сақтық шараларын қайта қарастырды.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жылыту маусымы қарсаңында өрт және улану қаупін болдырмау мақсатында кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Қала тұрғындарын сақтық шараларымен таныстыру үшін әлеуметтік желілерде 120 материал, бұқаралық ақпарат құралдарында 25 мақала жарияланды. Бұл материалдар 10 басылымда, 6 телеарнада және 9 радиода жарық көрді.
Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Эльмира Ережепованың айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 3500 үйге аралау жүргізіліп, 7 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Оқу орындарында 1000 оқушыға арналған 34 интерактивті сабақ өткізіліп, балаларға өрт қауіпсіздігі туралы ақпарат берілді.
Әлеуметтік жағдайы төмен 2222 отбасыға арнайы үгіт-насихат жүргізіліп, 3541 адамға қауіпсіздік ережелері туралы жадынамалар таратылды. Бұл отбасыларға қосымша қайта тексеру және аралау жұмыстары жалғасуда.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары А. Кәрімов 8 тамызда 2024-2025 жылдарға арналған өрт профилактикалық жұмыс жоспарын бекітті. 16 тамызда қаладағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының отырысында құзырлы органдарға нақты тапсырмалар беріліп, шаралар хаттамаға енгізілді.