Шымкнет қаласында осы кезеңге дейін бірқатар көшелерге жаңа атау берілсе, атауы ескірген көшелер де назардан тыс қалмады. Бұл жөнінде Шымкент қаласында көше атауларын жаңарту және тарихи-мәдени нысандарды қорғау бағытында бірқатар маңызды жұмыстар жоспарланып отыр. бұл жөнінде қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Орынтаев Бауыржан баяндады.
Оның сөзінше, қала аумағында 180-ге жуық тарихи-мәдени нысан тіркелген, олардың ішінде 30 археологиялық ескерткіш, 121 монументтік өнер құрылысы, 11 сәулет ескерткіші және 2 киелі орын бар. Жергілікті билік аталған нысандарды қорғау аймақтарын анықтап, оларды мемлекеттік тізімге енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстардың нәтижесінде тарихи-мәдени мұралар жинағы басылып шығарылған.
Биылғы жылдың наурыз айында Шымкент қаласы бойынша 3513 көшеге жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 281 көшенің атауы жоқ, ал 84 көшенің атауы қайталанатыны анықталды. Бұл мәселені шешу үшін «Дәстүрлі атаулар» мен «Жер-су атаулары» тізімінен жаңа атаулар ұсынылып, қайталанатын көшелерге жаңа атаулар беру жұмыстары қолға алынған.
Сондай-ақ, қала көшелеріне жаңа тақтайшалар орнату қажеттілігі де назардан тыс қалмай, Абай, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарындағы 17 866 үйге жаңа үлгідегі тақтайшалар орнату үшін ұсыныстар енгізілді. Сонымен қатар, Тоғыс тұрғын алабында орналасқан 350 орындық «Қазығұрт» мәдениет үйі жеке меншіктен мемлекетке ақысыз қайтарылып, қайта жөндеу жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен ауқымды мәдени іс-шаралар қарқын алуда. Ал басқармаға қарасты өнер мекемелерінде 3 169 шара ұйымдастырылып, 1,6 миллионнан астам келушілер қатысқан.