Шымкент қаласында «Құқықтық сананың деңгейін арттыру» бағытында жүйелі түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жалғасуда. Бұл бастама азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, қоғамда жиілеп кеткен өзекті қауіптерге – жалған ақпарат тарату, қаржылық пирамидалар, интернет-алаяқтық, лудомания және суицидтік көңіл-күйге қарсы кешенді күрес жүргізуді көздейді.
Осы орайда, «Полиция жаныңызда» республикалық акциясы аясында Еңбекші ауданы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Бейсенов учаскелік инспекторлармен бірге жергілікті тұрғындармен кезекті кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындармен ашық диалог орнатып, өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, құқықтық мәдениетті арттыру арқылы қоғамдық қауіпсіздікті нығайту.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері тұрғындарға құқықтық ақпараттар ұсынып, алаяқтықтың түрлерін – әсіресе интернет арқылы жасалатын қаржылық қылмыстарды, онлайн-несие рәсімдеудегі қауіптерді және инвестиция түріндегі жалған уәделермен алдайтын қаржы пирамидаларын танып-білу жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы таралатын жалған ақпараттың салдары, ондай мәліметтердің қоғамдық пікірге тигізетін кері әсері туралы да жан-жақты ақпарат берілді.
Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар қатарында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар, ойынқұмарлыққа бейімділік (лудомания), суицидтің алдын алу жолдары секілді мәселелер де болды. Бұл тақырыптар құқық қорғау органдарының басты назарында екенін айтқан тәртіп сақшылары, ата-аналар мен жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңызын ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторларымен байланыс орнатудың тиімді жолдары, байланыс нөмірлері мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар жайлы да ақпарат берілді. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен өтініштер тіркеліп, тиісті жауаптар берілді.
Кездесу ашық, сенімді және конструктивті атмосферада өтті. Мұндай кездесулер құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, ал ең бастысы — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.