Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден бір жолы – ол азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру болып табылады. Осы бағытта 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беріліп келеді.
Осы ретте, қайтарымсыз грантпен қосымша білім беру орталығын ашып, кәсібін нәсібіне айналдырып отырған мекеменің жұмысымен таныстық. «Business Kids» орталығы 2022 жылы өз жұмысын бастаған. Бүгінде ауқымы кеңейген мекемеде ерекше балалармен жұмыс жасайтын «Асыл бала» атты орталық іске қосылыпты. Жалпы, бір мезетте 300 балаға қосымша білім бере алатын орталықта психикалық арифметика, кәсіпкерлік негіздері, бағдарламалау тілдерінің негіздерін меңгеру, дебат, STEAM бойынша тереңдетілген білім алады. Ал, ерекше балалар үшін дефектолог, логопед, психологтар, ЕДШ, АВА мамандары көмектеседі.
Жалпы 25 адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме құрылтайшысы Гүлнара Қәрімқызының айтуынша, орталыққа келген балалар аз ғана уақытта жоғары нәтижеге жеткен көрінеді.
Жеке кәсіпкердің айтуынша «Басты мақсатымыз ерекше балалар мен дарынды балалардың қоғамда орны бір екенін көрсету. Ата-аналар орталыққа келетін болса, қандай құжаттар керек және не істеу керек екендігін мамандар толық түсіндіріп береді.» Сондай-ақ, Дарында балалар арасында өтетін әлемдік додаға Шымкент қаласынан «Business Kids» орталығының оқушылары баратындығын жеткізді.
Айта кету керек, Бүгінде Шымкент қаласында өткен жылы бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 452 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Олардың қатарында – мүгедектігі бар азаматтар, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшесі, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар бар.