Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атаған еді. Артынша мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, «жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс» — деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бірқатар қалаларда «жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп ғимараттары бой көтере бастады. Осы орайда, Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылған болатын. Жобаны іске асыру мақсатында 2025 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. 2023 жылы — 17 300 орындық 12 ғимаратты салуға республикалық бюджеттен тиісті қаражат қаралған. Бүгінгі таңда қаладағы 275 мектепте 259 173 оқушы білім алуда (мемлекеттік — 150 мектеп, 206 286 оқушы, жекеменшік – 125 мектеп, 52 887 оқушы). 2024-2025 жылдарға жоспарланған 6 мектеп қатарына, Достық шағын ауданында 2000 орындық мектеп, Бозарық-3 шағын ауданында 2000 орындық мектеп, Асар-2 шағын ауданында 1 500 орындық мектеп, Шым-Сити шағын ауданында 2 000 орындық мектеп, Ш.Қалдаяқов көшесі бойында 1 500 орындық мектеп, Пахтакор шағын ауданында 2 000 орындық мектеп. Жобада жайлы мектептің ерекшеліктері бекітілген. Бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған ғимараттың жеке блоктарының болуы, пәндік кабинеттердің толық жиынтығы, еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар, жабдықталған спорт зал мен асханалар және арнайы талаптарға сай қауіпсіздік жүйелері қамтылған.