Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырған болатын.
Шымкент қаласында көшелерлерді абаттандыру мақсатында Асқаров көшесі мен Республика даңғылы қиылысында «Madlen» кондитерлік кофеханасы жанында жаңа гүлзар ашылды. Қала әкімі қаланы аралап жүріп, жалпы ауданы шамамен 4000 шаршы метрді құрайтын сквердің ашылуына қатысты. Жаңа ел демалатын қоғамдық орында субұрқақ пен орындықтар қойылып, толық жарықтандырылды. Алдағы уақытта қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық аспан астындағы кинотеатр да іске қосылады.
Сонымен қатар, шаһар басшысы Тұран ауданы, Айқап көшесіндегі жаңартылған балалар ойын алаңын да аралап көрді. Айта кетерлігі, жыл басында халықпен кездесу барысында тұрғындар осы алаңды жаңғырту туралы өтініш білдірген болатын. Халықтың пікірі назардан тыс қалмады. Мұндағы жұмыс демеушілер қаражаты есебінен жүргізілді.
Қала әкім Ғабит Сыздықбеков «Қошқар ата» өзені жағалауында болып, санитарлық жағдайын тексерді. Жауапты тұлғаларға аумақтың жабық бөлігін ашып, орындықтар мен бейнебақылау камераларын орнатуды және жарықтандыруды тапсырды.
Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында Қабанбай батыр даңғылы, «Тәуелсіздік» саябағы, «Спутник» гүлзары, Түркістан және Арбат көшелерінің тазалығын да тексерді. Сонымен қатар, қала басшысы басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, қала басшысы «Мәртөбе» кешенінің санитарлық жағдайын, «Өтеміс» және «Сайрам» тұрғын алабындағы мәдениет үйінің және «Шапырашты» тұрғын алабындағы спорт кешенінің құрылыс барысын да бақылады.