Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан кәсіподақтары федерациясының XXVI съезінің делегаттарына сөйлеген сөзінде «Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі. Кәсіподақтардың дәнекерлігі мен медиациясы арқылы еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің тең құқылы диалогының арқасында ғана еңбек қатынастарын тиімді реттеуге болады. Осындай ынтымағы жарасқан ортада еңбек этикасын кемеліне келтіріп, әлеуметтік жауапкершілікті өрістетуге болады» — деген болатын. Сондай-ақ, Президент еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, еңбекті қорғау шараларының тиімділігін арттыру, өндірістерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізудің, қызметтерін декларациялаудың маңыздылығын белсенді түсіндіруді тапсырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің кеңесшісі М.Маханбетов әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысына қатысты.
Отырыста әлеуметтік әріптестік шеңберінде еңбек қатынастарын, оның ішінде кәсіподақ қызметін реттеудің бірқатар маңызды мәселелері қамтылды.
Кәсіподақ бірлестіктері мен кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігі арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған өңірлік келісімді бекіту, Шымкент қаласының аумағында еңбек қатынастары саласының және қауіпсіздігінің жағдайы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудағы озық тәжірибелермен таныстыру болды.
Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов қаладағы жағдайды баяндап, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасындағы еңбекті қорғаудың жаңа идеологиясы: кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша жеке қорғаныс құралдарын таңдау, сақтандыру тарифтері, әлеуметтік кепілдіктер, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттерді дамыту, мемлекеттік бақылау-кәсіптік тәуекелдерді басқару туралы түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, қаладағы бірнеше компания өкілдері “Қауіпсіз еңбек жылы” аясында, тұжырымдама бойынша атқарылатын жұмыс жоспарлары мен тәжірибелерімен бөлісті.