«Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізде тұрғын үй өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Баспаналы болғысы келетін көптеген қазақстандықтың үміті мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар. Елімізде баспананы қолжетімді ету – Үкімет пен жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық жоспарлардың бірі.
Президент тапсырмасы аясында, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысының міндетін атқарушы Азат Исламов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында тұрғын үй қатынасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі атқарылған жұмыс пен жоспарлары туралы бөлісті.
Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 51015 азамат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1915, көпбалалы отбасылар – 13982, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы – 17 702, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 17381, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар 22 адамды құрайды.
2023 жылы жалпы саны 1 687 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, 1407 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 888 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 122 пәтер жетім балаларға, 131 пәтер көпбалалы отбасыларға, 160 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына пайдалануға берілді. Қалған 280 пәтердің 96 пәтері биыл беріліп, 184 пәтерде алдағы уақытта қоныс тойы тойланады деп күтілуде.
Сонымен қатар, қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлерді белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға беру қарастырылуда.