Шымкент қаласының Достық үйінде Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен V Ұлттық құрылтайда көтерілген негізгі бастамалар мен тапсырмаларды іске асыру мәселелері қаралды. Бұл бағытта Аналар кеңесінің қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және азаматтық жауапкершілікті арттыру жолындағы рөлі атап өтілді.

Сондай-ақ Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің құрамына енгізілетін өзгерістер мен ұсыныстар талқыланып, ұйым жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар бастамалар ұсынылды. Отырыс барысында Аналар кеңесінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары қаралып, негізгі бағыттар мен іс-шаралар айқындалып, бекітілді.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – «Салауатты сана» жобасын іске асыру аясында сталкингтің алдын алу тақырыбы болды. Бұл ретте отбасылық қауіпсіздік, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Аналар кеңесінің басты мақсаты – отбасы құндылықтарын сақтау арқылы қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту. Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар біздің алдағы жұмысымыздың негізгі бағдарын айқындайды», – деді Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Дәулетбекқызы.

Сонымен қатар «Жасыл сертификат» жобасын іске асыру мәселесі талқыланып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоғамда жауапты көзқарасты дамытуға бағытталған ұсыныстар айтылды.
Отырыс соңында өзгеде мәселелер қаралып, қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.
