My CMS
Аймақ

ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК: ЕСІРТКІ ЖАРНАМАСЫНА НӨЛДІК ТӨЗІМДІЛІК

Қазіргі заманда жастардың өміріне қауіп төндіріп отырған басты қатерлердің бірі – есірткі. Әсіресе, интернет кеңістігінде заңсыз ақпарат пен жарнаманың таралуы бұл мәселені одан әрі ушықтыруда. Есірткі қылмыстарының өсуіне тек оның қолжетімділігі ғана емес, сондай-ақ, оны ашық немесе жасырын түрде насихаттайтын сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшалар айтарлықтай әсер етіп отыр. Сондықтан мұндай заңсыз ресурстарды бұғаттау – жастарды қорғаудың, қоғамда құқықтық сананы қалыптастырудың ең маңызды қадамдарының бірі.

Осы бағытта Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жүйелі түрде жұмыстар атқарып келеді. Құқық қорғау қызметкерлері интернет кеңістігінде мониторинг жүргізу арқылы есірткіні жарнамалайтын, оны сату жолдарын ұсынатын және жастарды азғыратын мазмұндағы парақшаларды анықтап, заңға сәйкес шара қолдануда.

Бұл іске тек полиция ғана емес, кибер-еріктілер тобы да жұмылдырылған. Олар желідегі күдікті ақпаратты жедел анықтап, уәкілетті органдарға жеткізу арқылы жастардың болашағын қорғауға өз үлестерін қосып жүр. Осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылдың алғашқы 7 айында 1243 заңға қайшы интернет-ресурс табылып, бұғаттау үшін арнайы ақпараттық жүйеге енгізілді.

Айта кетерлігі, мұндай парақшалар бірден жабылып тасталмайды. Алдымен арнайы мамандар оларға сараптама жасап, нақты заң бұзушылық белгілері анықталған жағдайда ғана бұғаттау туралы қорытынды шешім қабылданады. Бұл процесс құқықтық нормалардың сақталуын қамтамасыз етеді және азаматтардың ақпарат алу құқығына заңсыз шектеу қойылмауына жағдай жасайды.

Шымкент қаласы полициясы тұрғындарды қырағы болуға, күмәнді сілтемелерге кірмеуге және кез келген заңсыз ақпаратқа бей-жай қарамауға шақырады. Әр ата-ана өз баласына интернетті дұрыс пайдалану мәдениетін түсіндіріп, зиянды мазмұннан қорғанудың жолдарын үйретуі қажет. Бұл – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Құқықтық сананың жоғары болуы – жастарды есірткіден қорғаудың ең сенімді кепілі. Әр азамат өзінің қауіпсіздігі үшін ғана емес, қоғамның болашағы үшін де жауапты екенін ұмытпауы тиіс.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ulanonlinejob_r46y8xlo

ЖАРЫҚТАНДЫРУ МЕН ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖАЙЛЫ ӨМІРІ БАСТЫ НАЗАРДА

ulanonlinejob_r46y8xlo

Шымкентте жеңіл өнеркәсіп мамандарына арналған пресс-тур өтті

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз