My CMS
Соңғы жаңалықтар Әлем жаңалықтары

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ТАУАР АЙНАЛЫМЫН АРТТЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІП ОТЫР

Қазіргі жаһандық геосаяси жағдай түркі елдерін бірлесіп әрекет етуге және ынтымақтастықты тереңдетуге итермелеуде. Осыған орай Ташкентте бауырлас мемлекеттердің сараптамалық орталықтарының жетекшілері бас қосып, стратегиялық әлеует пен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Түркі мемлекеттері экономикалық қарым-қатынасты нығайтып, тауар айналымының көлемін ұлғайтуға ниетті. Бұл бағытта Түркі мемлекеттері ұйымының ұзақмерзімді даму жоспары әзірленген. Ұйымға мүше елдердің сыртқы сауда көлемі өткен жылы 850 миллиард долларға жетсе, оның 7 пайызы өзара сауда-саттыққа тиесілі. Сарапшылар осы көрсеткішті арттырудың нақты жолдарын ұсынды. Бұл ретте Қазақстан тарапынан ұсынылған бірқатар бастамалар ұйым тарапынан қолдау тауып, өңірлік интеграцияға серпін берген.

Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Мерей Мұқажанның айтуынша, Бішкекте өткен соңғы саммитте 16 маңызды құжатқа қол қойылып, олардың жартысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына негізделген. Бұл құжаттар ғарыш, цифрлық технологиялар сынды стратегиялық салаларды қамтиды.

Әлемде геосаяси шиеленіс күшейіп, сауда саласында бәсекелестік арта түсті. Мұндай жағдайда ортақ мүддесі бар, тарихы мен мәдениеті ұқсас мемлекеттердің өзара күш біріктіруі аса маңызды, — дейді сарапшылар.

Әзербайжанның Экономика министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институтының директоры Шаин Садыховтың пікірінше, Қытай мен Еуропа арасындағы негізгі экономикалық байланыстар транзиттік дәліздер арқылы жүзеге асады, ал бұл бағытта Орталық Азия аймағы маңызды рөлге ие. Сонымен қатар, өңірдің табиғи ресурстары мен адами капиталы жеткілікті, бұл өнім өндіру мен экспортты арттыруға мол мүмкіндік береді.

Конференция қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің сараптамалық орталықтары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат экономикалық интеграцияны тереңдетіп, өзара сауданы дамытуға жаңа серпін бермек.

Қатысты жаңалықтар

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖАҢА ЖОБАЛАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

ulanonlinejob_r46y8xlo

КОРЕЯДА ДӘРІГЕРЛЕР ШЕРУІ БАСЫЛМАЙ ТҰР

ulanonlinejob_r46y8xlo

ЕУРОКОМИССИЯ APPLE МЕН META-ҒА €700 МИЛЛИОН АЙЫППҰЛ САЛДЫ: ЦИФРЛЫҚ НАРЫҚ ЕРЕЖЕЛЕРІН БҰЗҒАНЫ ҮШІН

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз