Шымкент қаласы қоғамдық көліктердегі төлем жүйесін толығымен электронды форматқа көшіруді қолға алды. 2024 жылдан бастап жолаушылар жол ақысын тек электронды төлем жүйесі арқылы төлей алады. Бұл жаңашылдық, біріншіден, жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болса, екіншіден, көлік жүргізушілерінің жолға толық көңіл бөлуіне мүмкіндік беріп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатын көздейді. Жаңа жүйе қолма-қол ақшаны жинау қажеттілігін жойып, жолаушылар үшін қолайлы әрі тиімді жағдай жасайды. Қазіргі уақытта көптеген жолаушылар қоғамдық көлікте қолма-қол ақшамен төлем жасауға мәжбүр, бұл жағдай көбінесе жүргізушілердің жол қозғалысына емес, ақша қабылдауға көңіл бөлуіне себеп болады. Осыған байланысты жүргізушілерге көлікті басқарумен қатар, қолма-қол ақшаны есепке алу міндеті жүктеліп, олардың назарын басқа нәрселерге бөлуге тура келеді. Бұл көптеген жағдайда қауіпсіздік талаптарын бұзып, жол қозғалысы қатысушылары үшін қауіпті жағдай туғызуы мүмкін. Бұдан бөлек, қолма-қол ақшамен төлем жасау қажеттілігі жолаушылар мен жүргізушілер арасында келіспеушіліктерге алып келіп, кейде жағымсыз жағдайларға да себеп болады. 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында Шымкент қаласының «І-Көмек» орталығы мен қала әкімінің ресми парақшасына қоғамдық көлік мәселелеріне қатысты 12 мыңнан астам шағым түскен. Оның ішінде 6 мыңнан астамы тікелей қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты болса, олардың басым көпшілігі – 3 351 шағым – жолаушылардың қолма-қол төлем жасауға мәжбүр болуы себепті орын алған жанжалдарға байланысты екен. Толығымен электронды төлем жүйесіне көшу жолаушылар үшін қоғамдық көлік қызметін жеңілдетіп, тиімдірек етумен қатар, жүргізушілер үшін қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Шымкент қаласы қоғамдық көліктеріндегі бұл жаңашылдық жолаушылар үшін де, жүргізушілер үшін де пайдалы болып, қала тұрғындарына жайлы және қауіпсіз жолаушы тасымалын қамтамасыз етуді көздейді.