Тұран ауданының инфрақұрылымы қарқынды түрде дамып, тұрғындардың өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарып келеді. Аудан аумағы 36 300 гектарды алып жатыр, мұнда 220,7 мыңнан астам тұрғын мекендейді. Бұл аймақта 21 шағын аудан бар, оларда 39 357 жеке үй, 544 көпқабатты тұрғын үй және 597 көше орналасқан. Осы деректерді Тұран ауданы әкімінің орынбасары Бекбол Аманжол Бақытжанұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында баяндады.
Ауыз сумен қамту деңгейі қазір 95,5%-ды құрап отыр және бұл көрсеткіш 2026 жылы 100%-ға жетеді деп күтілуде. Табиғи газбен қамтамасыз ету деңгейі 85,7%-ға жетсе, электр қуатымен қамту 95,2%-ды құрап отыр. 2025 жылға дейін электрмен қамту көрсеткіші 100%-ға жетеді, ал табиғи газбен қамтамасыз ету 2026 жылы толықтай жүзеге асырылмақ. Кәріз жүйесі де біртіндеп дамып келеді: қазіргі уақытта ауданның 57,1%-ы кәрізге қосылған, бұл көрсеткіш 2025 жылға дейін 60,2%-ға артады.
2024 жылы 42 көшеге, жалпы ұзындығы 34,8 шақырым болатын жаңа жолдар төселіп, нәтижесінде асфальтталған көшелердің үлесі 80,2%-дан 87,4%-ға дейін артады деп жоспарлануда. Осыған қоса, аудан бойынша 40 көшеге асфальт төселгенін атап өтуге болады. Жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар белсенді түрде жалғасуда.
Сонымен қатар, келесі жылы аудандағы қоқыс алаңдары толық жаңартылмақ. 54 қоқыс алаңына 260 жаңа контейнер орнатылады, бұл аудан аумағындағы барлық қоқыс контейнерлерін 100%-ға жаңартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ауданда 3060 қоқыс жәшігін орнату жоспарланған, олардың 2200-і орнатылып үлгерді.
Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 60 аулаға 154 жарық шамы орнатылды. Бұған қоса, демеушілердің қолдауымен Түркістан шағын ауданындағы Айқап көшесінде балалар ойын алаңы, ал Рысқұлбеков көшесінде тренажерлық алаң салынды. Тұран ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады.