Кәсіп бастаймын деген адамға бүгінде мүмкіндік көп. Мемлекет қайтарымсыз грант негізінде және жеңілдетілген несие беру арқылы бизнес-идеямды жүзеге асырамын деген адамға барынша қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде Шымкент қаласында өз кәсібін бастаушыларға арналған қайтарымсыз гранттың екінші легі аяқталды.
Осы орайда, Шымкент қаласында 400 айлық есептік көрсеткіш 1 476 800 теңгені құрайтын 217 адамның бизнес-жобасы мақұлданып, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетілді. Грантқа өтінімдер негізінен атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, көпбалалы және асыраушысынан айырылған отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар тарапынан түсті.
Комиссия құрамында қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары, қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, журналистер және кәсіпкерлер болды. Олар жобалардың әлеуетін, бизнес-жоспардың өміршеңдігін мұқият талқылап, қорытынды шешім шығарды. Мақұлданған жобалар түрлі салаларды қамтиды. Атап айтқанда, 19 жоба мал және құс шаруашылығын, 49 жоба қызмет көрсету саласын, 22 жоба кондитер және нан өнімдерінің өндірісін, 44 жоба тігін өндірісін, 16 жоба жартылай фабрикаттар өндірісін, 5 жоба жиһаз өндірісін және 35 жоба қоғамдық тамақтану орындарын іске қосу бағытында жүзеге асырылатын болады.
Бүгінгі таңда грант жеңімпаздары Еңбек мобильділігі орталығымен келісім-шарт жасасу үстінде. Әрбір грант көлемі 1 476 800 теңгені құрайды және тек бизнес-жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл шаралар қаладағы экономикалық белсенділікті арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.