Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Шымкент мұнай өңдеу зауытына барған болатын. Сонда «Қазір зауыт ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өнімнің сапасы да жақсарды. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Осының бәрі сіздердің, яғни жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр», – деген болатын.
Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының маңында қосылған құны жоғары өндіріс және мұнай қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар ашылады. 2022 қыркүйек айында Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берген болатын.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметтері бойынша Президент тапсырмасына сәйкес мұнай қалдықтарын шикізат ретінде қайта өңдеуге әлеуетті жобаларды анықтау және мұнай қалдықтарын шикізат ретінде қайта өңдейтін әлеуетті инвесторлар тізімін қалыптастыру барысында «Hill Resources», «Алмэкс Полимер» және «Эколайф Астана» серіктестіктерінің жобалары айқындалған.
Нақтырақ айтар болсақ, «Hill Resources» ЖШС-і негізгі майлар өндірісін қолға алмақ. Бұл жобаның инвестициялық құны 270 млрд. теңгені құрайды. Зауыттың қуаттылығы жылына 500 мың тонна мазутты қайта өңдеуге жетеді. Кәсіпорынның құрылысы 2023 басталып, 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланған.
Ал, «Алмэкс Полимер» ЖШС-і ұнтақталған полипропилен өндірісін жолға қою үшін 38 млрд. теңге инвестиция құюға әзір. Аталған кәсіпорын 2025 жылы іске қосылған кезде жылына 80 мың тонна ұнтақталған полипропилен өндіретін болады.
Айта кетейік, «Эколайф Астана» компаниясы құрамында мұнайы бар және басқа да қалдықтарды кәдеге жаратуға бағытталған зауыт ашуды көздеп отыр.