Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламалары жайында мәлімет беру үшін Абай ауданының Мансап орталықтары шалғай елді мекендерді аралап, түсіндіру жүмыстарын жүргізуде. Кезекті ақпараттық түсіндірме жұмыстары Абай ауданы Алтынтөбе елді мекенінде ұйымдастырылды.
Жұмысшы топ елді мекендерді аралау барысында жұмыспен қамтудың үш бағыты – қысқа мерзімді кәсіптік оқу, өзге өңірлерге қоныс аудару және жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жөнінде кеңінен түсіндірді.
Абай ауданында өткен жылдың өзінде 470 азамат жұмыс беруші 9 кәсіпорынға оқуға жолданып, оның 403-і оқуды аяқтаған. Қалған 67 адам түрлі себептермен оқудан шығарылған екен. Сертификат алғандар бүгінде өзі білім алған кәсіпорындарда тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Мамандар түсіндіру барысында үміткерлердің оқуда белгіленген кестеге сай мерзімде қатыспауы, міндетті зейнетақы жарнасының болмауы оқудан шығаруға себеп болатынын да айтып өтті. Сондай-ақ, қысқа мерзімді кәсіптік білім алу кезінде студенттерге шәкіртақы төленетінін жеткізді.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқу ісі білім беру ұйымдарында да жүзеге асырылады. 2023 жылдың қыркүйегінде 318 азамат оқу орталықтарына жолданып, 25 желтоқсанда 275-сі оқу аяқтаған. Ал, 43 адам түрлі себептермен оқудан шығарылды. Сертификатқа ие болған азаматтар оқуды аяқтаған мекеме арқылы немесе өздері таңдаған орындарға жұмысқа орналасқан. Арасында жеке кәсіпкерлігін ашқан жандар да бар.
Абай ауданының Мансап орталығы биыл 506 адамды қысқа мерзімді оқуға жолдауды көздеп отыр. Бұған дейін жұмысшы топ Жаңаталап елді мекенінің тұрғындарымен кездескен болатын. Алдағы уақытта да мұндай ақпараттық –насихат тобының жұмысы ары қарай жалғасын табады. Негізгі мақсат – жұмыссыз жүрген, мамандығы жоқ азаматтарды белгілі бір кәсіп бойынша оқытып, жұмысқа орналастыру.
Еске сала кетейік, Абай ауданының Мансап орталығы Арғынбеков көшесі №243/3 мекен жайында орналасқан. Онда өзгеде әлеуметтік көмек немесе ақпараттық кеңес алуға болады.