Президент ресми мінберден «Болашақтың ойындары» турнирінің салтанатты ашылу рәсімін тамашалады. Ресейдің мемлекеттік әнұраны орындалғаннан кейін Владимир Путин жарысты ашық деп жариялады.
Қазақстан Президенті турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.
– Құрметті Владимир Владимирович, ең алдымен, Сізге зор ризашылық білдіргім келеді. Бұл – бірегей ойын. Дүниежүзінде мұндай ойынның баламасы жоқ. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Келесі ойынды Қазақстанда өткізейік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері киберспортшыларға ізгі тілектерін жолдады. Содан соң жарысқа қатысушы мемлекеттер туларының шеруі өтті.
«Фиджитал-концепцияға» негізделген турнирдің форматы физикалық белсенділікті, заманауи технология мен цифрлық ортаны ұштастырады.
Шоу барысында спорт, стратегия, тактика, технология, жылдамдық секілді 5 топқа біріктірілген сайыс түрлері таныстырылды. Ойындардың бағдарламасына классикалық спорт түрлері мен олардың 21 цифрлық баламалары бойынша гибридті спорттық жарыстар енгізілген. Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша турнирге 100-ден астам елден 2 мыңға жуық киберспортшы келген. Қазақстанның ойыншылары мен командалары спорттың 13 түрі бойынша сайысқа түседі. Жалпы бұл турнирге еліміздің 48 өкілі қатысады.