Кез келген ата-ана үшін баласының болашағы, оның дұрыс жолға түсуі – ең үлкен жауапкершілік. Бүгінгі таңда қоғамның басты міндеттерінің бірі – жасөспірімдерді әртүрлі зиянды әдеттерден, әсіресе есірткі заттарының ықпалынан қорғау. Өйткені нашақорлықтың зардабы тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның болашағына қауіп төндіреді. Осы орайда Шымкент қаласында құқықтық сананы арттыру, жастарды қылмыс пен жат әдеттен қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, жуырда Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері Қаратау ауданындағы №114 мектепке арнайы барып, жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру, олардың заңға құрметпен қарауын қалыптастыру және зиянды заттардың алдын алу жұмыстарын күшейту.
Кездесуге Шымкент қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков пен Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшесі Бахадыр Бекарыс қатысты. Олар оқушыларға құқықтық мәдениеттің мәнін түсіндіріп, жасөспірімдік кезеңде жасалған қателіктің болашаққа үлкен кесір тигізетінін айтты.
Сондай-ақ, полиция өкілдері жасөспірімдерге қылмыстық жауапкершілік жасы туралы ақпарат беріп, құқық бұзушылықтың ауыр салдарына тоқталды. Әсіресе, есірткі қолданудың денсаулыққа зиянын ғана емес, өмірлік мүмкіндіктерді шектейтінін, болашаққа кедергі келтіретінін нақты мысалдар арқылы жеткізді.
Іс-шара барысында оқушылар салауатты өмір салтының маңызы туралы тың ақпарат алды. Мамандар жастарды бос уақытын тиімді пайдалануға, спортпен, өнермен және ғылыммен айналысуға шақырды. Сонымен қатар, білімге құштарлық пен үлгілі тәртіп – болашақта жақсы азамат болудың басты алғышарты екені ерекше аталды.
Жиын соңында оқушыларға: адамның өмірі мен денсаулығынан, құқықтары мен бостандығынан қымбат ештеңе жоқ екені ескертілді. Қауіпсіз қоғам құру – тек полиция мен мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір жасөспірімнің міндеті екені айтылды.
Шымкент қаласында осындай құқықтық-ағартушылық кездесулердің өтуі – жастардың санасын теріс ықпалдан сақтап, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға үлкен үлес қосады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс болашақта құқықтық мәдениеті жоғары, елінің дамуына адал қызмет ететін жаңа буынды тәрбиелеуге негіз болады.